«Ақ жол» көмір, газ және дизель тапшылығын жойып, бағаларды реттеуді талап етті
2021 ж. 10 қараша
1296
0
Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев «Ақ жол» демпартиясы парламенттік фракциясының атынан вице-премьер Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, дизель, газ және көмір бағаларын реттеу мәселесін көтерді.
- Қойнауы мұнай мен газға толы Атыраудың өзінде, газдың бағасы бір түнде 95 теңгеден 110 теңгеге дейін өсті. Бұның бәрі газ қожайындарының қолдан істеп отырған ісі деген сөз ел аузында жүр, - деді ол өз сауалында.
Депутаттың сөзінше, биылғы жылдың қазан айында дизель отының тапшылығына және бағасының өсуі байқалды. Осы жағдайға байланысты, жүргізушілер өңірлерде ереуілге де шығып жатты.
Жуырда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Үкіметтің жұмысын қатаң сынға алып, дизель отынының тапшылығы қолдан жасалғанын баса айтты.
- Министрліктің жауабы әрқашан дайын, егер, дизель отыны тапшы болса оған көршілес елдердің ауыр жүк көліктері кінәлі, ал автогаз жетпесе оған газбен жүретін көліктер санының көбеюі туралы сылтау айтылады. Жерасты байлығымыздың тағы бір негізгі түрі – көмірдің де тапшылығы орын алуда. Оның үстіне, бағасы да тым қымбат, - деді С. Ерубаев.
Ол, сонымен қатар, «Шұбаркөл» кеніндегі көмірдің тоннасы 5800 теңге болса, карьерден, сатып алушыға барар жолда көмірдің бағасы, 16 мыңға дейін жететінін мысалға келтірді.
- Бұндай жағдайда дефицит жасанды болып, бағалық сөз байласу фактілері расталса, құқық қорғау органдары да сыртта қалмауы керек, - дейді депутат.
Мемлекет басшысы айтқандай, жанар жағармайдың қымбаттауы транспорттық компаниялармен қатар, күнделікті тауарлардың да бағасының өсуіне әкеліп соқтырады.
- Еліміздің жерасты байлықтары шектеулі адамдардың мүдделеріне ғана емес, бірінші кезекте ішкі экономикаға жеткілікті көлемде, бизнес өкілдеріне және халыққа қол жетімді түрде қызмет етуі қажет деп санаймыз, - деп түйіндеді С. Ерубаев.