Әлеуметтік сала мамандарын құттықтады

Әлеуметтік сала мамандарын құттықтады

Өткен жұмада Талдықорғанда әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекелері аталып өтілді. Салтанатты шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қатысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы Алматы облысындағы әлеуметтік салада 6 мыңнан астам адам еңбек етеді. Батыржан Байжұмановтың айтуынша, биылғы жылы әлеуметтік қорғау саласының бюджеті 48 млрд. теңгені құраған, соның 22 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған. 2022 жылға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы 6 млрд. теңгеге ұлғайтылды.

- Облыс әкімінің атынан сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Мемлекеттің әлеуметтік қорғау саясатын жүзеге асырып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, ізгіліктің жаршы болған өздеріңіздей мамандар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бар күш-жігерлерін жұмсап келеді. Пандемиямен күрес кезінде жұмыстың алдыңғы шебінде жүрді. Бізде бұл салада әлеуметтік маңыздағы түрлі қызметтер көрсететін 45 нысан бар. Олар 400 мыңдай адамды қамтып отыр. Қоғамды ізгілендіріп, әлеуметке қызмет етіп, өз міндетін қамқорлық пен жанашырлыққа толтырып жүрген еңбектеріңіз қандай құрметке де лайық. Әрқашан дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, толағай табыс тілеймін, - деді Б.Байжұманов.

Мұнан соң «RAKHYM» қайырымдылық қорының төрайымы Раушан Байтанова, Текелі қаласындағы «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Алма Нұрмұханова, Қаратал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бейсенбі Жұманов, Кеген аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры Біләл Мәсімбаев әріптестерін мерекемен құттықтап, тілектерін білдірді.

Шарада сала мамандары марапатталды. 30-дан астам маман мен ұйымдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, төсбелгілер, сол сияқты «Еңбек жолы» және «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік ұйымы» облыстық байқауларының қорытындысы бойынша ақшалай сертификаттар берілді.

Мерекелік жиынды концерттік бағдарлама толықтыра түсті.

Жалпы Алматы облысында биылғы жылы 50 мың жұмыс орны құрылды, соның 26 мыңы - тұрақты жұмыс орны. «Еңбек» бағдарламасының белсенді жұмыспен қамту шараларына 57,1 мың адам тартылған. Жалпы сомасы 4181,4 млн. теңге болатын 853 микрокредит, сомасы 902,5 млн. теңге 1547 грант берілді. Жұмыспен қамтуға жұмылдыру орталықтарына жергілікті бюджет есебінен 3 автокөлік сатып алынды, жыл соңына дейін тағы 7-еуі алынады. 2022-2023 жылдарда жұмыспен қамтудың мобильді пункттерімен облыстың барлық аудан, қалалары жабдықталатын болады. Халықты әлеуметтік қорғау шеңберінде 168,2 мың адам 12 млрд. теңгеден астам әлеуметтік көмек алған. Жалпы сомасы 10 млрд. теңге болатын атаулы әлеуметтік көмек және балаларға арналған кепілді әлеуметтік пакет 19209 отбасына берілді. Соның ішінде мектеп жасындағы 23 мыңдай бала жалпы сомасы 628 млн. теңге болатын мектеп формасымен, оқу құралдарымен және басқа да мектеп қажеттіліктерімен қамтылды. Сол сияқты оңалту құрал-жабдықтарымен және оңалту қызметімен 30 мың адам қамтылды, оған 5 млрд. теңге жұмсалды, соның ішінде санаторлық-курорттық ем, жеке көмекші қызметі, арнайы қозғалыс құралдары және басқалары бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 33 бірлік арнайы жабдықталған «Инватакси» тегін қызмет көрсетеді. Сондай-ақ облыста өмірдің қиын жағдайларына тап болған 3 мыңнан астам адамға арнайы әлеуметтік көмек көрсететін 13 мемлекеттік мекеме жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде стационар, жартылай стационар жағдайында және үйден қызмет көрсетуді 20 үкіметтік емес ұйым атқарып келеді. Бүгінде арнайы әлеуметтік қызмет көрсету шараларымен 8 мыңдай адам қамтылды. Бұл ретте 2021 жылдан 2025 жылға дейін «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында өңірде 1294 нысан әлеуметтік-көлік инфрақұрылымына бейімделетін болады.