Баспа басылымдар бірнеше салықтан босатылуы мүмкін
2021 ж. 08 қараша
680
0
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Кемелбек Ойшыбаев баспа басылымдарды мемлекет тарапынан қолдау шараларына қандай өзгерістер әзірленіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Баспа басылымдарын мемлекеттік қолдау да маңызды бағыт болып қала береді. Олардың дамуын заңнамалық деңгейде бекіту қажет. Қалаларда ересек тұрғындардың көпшілігінде газеттер мен журналдарға жазылу және оқу мәдениеті сақталып отыр. Сондай-ақ шалғай ауылдарда баспа басылымдары арқылы ақпарат алу қажеттілігі әлі де бар. Сондықтан министрлік бұл бағытты басымдықтардың бірі ретінде қалдырады. Осы бағытта баспа басылымдарын салықтың кейбір түрлерінен босату мүмкіндіктерін және баспа қызметтерін субсидиялау нұсқаларын зерделейміз», -деді ол елордада өтіп жатқан бұқаралық медианы заңнамалық реттеу туралы конференцияда.
Минисрлік өкілі баспа басылымдарды қолдаубасқа елдердің қалай жүріп жатқанын мұқият зерттелетінін ескертті.
«Сондай-ақ, отандық мерзімді баспасөз басылымдары мен желілік басылымдарды қолдау мақсатында хабарлама жасау тәртібімен есепке қоюды және қайта есепке алуды көздеу ұсынылады. Заңнамалық деңгейде БҰҰ ұсынымдарына сәйкес таралымы 200 данадан кем мерзімді басылымдарды есепке қоюдан босатуды ұсынамыз. Қазір бұл норма 100 дана деңгейінде бекітілген. Сонымен қатар, бір мекемеде таратылатын және тек осы мекеменің қызметін жариялауға бағытталған мерзімді басылымдарды (мысалы, ЖОО, зауыт хабаршылары және т.б.) есепке қоюдан босату ұсынылады», - деді Кемелбек Ойшыбаев.