Райымқұлова Германиядағы қазақ диаспорасымен кездесті

Райымқұлова Германиядағы қазақ диаспорасымен кездесті

Германияның астанасы Берлин қаласындағы Абай ескерткішінің ашылу салтанатына Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ханым да қатысқан еді. 

Ашылуға қатысты шаралардан кейін елші Дәурен Кәріпов мырзаның ұйымдастыруымен министр Ақтоты Райымқұлова ханым мен Германиядағы Қазақ диаспорасы өкілдерінің кездесуі болды. Кездесу ашық-жарқын, ағайын-туыс арасындағы ыстық да сағынышты бір жүздесу түрінде өтті. 

Кездесу барысында әсіресе Германиядағы Қазақ диаспорасының қазіргі таңдағы тұрмыс-жағдайы мен Германияда туып өскен қазақ балаларының ата-мекендері Қазақстанмен деген қарым-қатынастарын нығайтудың жасанды емес, шынайы жолдары туралы көбірек айтылды. Бұл мәселеге қатысты пайдалы еркін пікір алмасу болып, нақтылы ұсыныстар мен талаптар ортаға салынды. 

Министр Ақтоты Райымқұлова ханым өз құзыретіндегі мәселелерді тез арада қолға алатын болды. Ал өзге кейбір ұсыныстар мен талаптар бойынша болса өзге әріптестерімен ақылдасуының керек екенін келтірді. 

Германиядағы Қазақ диаспорасы екі ел арасындағы достық көпірі болып табылады. Бұрынғыдай емес қазіргі таңда жоғары білімді Қазақ жастары арасында өте маңызды қызмет атқарып жүгендері жеткілікті. Ақылдаса отырып солардың алған білімдері мен жыйнаған тәжрибелерін неғе тәуелсіз Атамекеніміз Қазақстанның болашағы үшін пайдаланбасқа?

Келесі жылы Германия мен тәуелсіз Қазақстан мемлекеттерінің дипломатиялық қарым қатынас орнатуларының 30 жылдығы. Еуропа Қазақ Форумы (European Kazakh Forum) атынан осы орайды пайдалана отырып екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі күшейту мақсатымен Қазақ және Неміс диаспораларының екі елдегі бірлескен мәдени іс-шараларын өткізуді ұсындық. 

Сонымен қорыта айтар болсақ Мәдениет және спорт министрімен өте пайдалы бір кездесу өтті. Жасыратыны жоқ біраз уақыттан бері Германия Қазақ диаспорасы мен осындай жоғары лауазымды отандық бір ресми қызметкер арасында бас қосып емін-еркін әңгімелесу болмаған еді. Сондықтан министр Ақтоты Райымқұлова ханыммен біздерді кездестірген Қазақстанның Германиядағы елшісі Дәурен Кәріпов мырзаға үлкен рахмет айтамыз. 

Министр Ақтоты Райымқұлова ханым алыстағы қандастарына қаратылған жанашырлық сезімімен бізде ақкөңіл, өте мәдениетті де қарапайым бір Қазақтың кызы екен деген әсер қалдырды. 

Министр Ақтоты Райымқұлова ханымның тәуелсіз ата-мекеніміз Қазақстан атынан Германия астанасы Берлинде біздермен қандастарым деп елеп-ескеріп ұзаққа созылған жыйын өткізуінің өзі жүрекке аса зор қуаныш сыйлады. Сол үшін ол кісіге алғысымыз шексіз. Алла тағала өзіне мықты денсаулық, ұлтқа қызмет барысында істеріне сәттілік берсін. 

Өмірхан Алтын, 

Германия, Берлин

Қазақ үні