Сауданың біткені ме?..

      ...Шақырайған күнде жаңбыр тамғандай әсер етті, бұл хабар. Оқыс жаңалық. Елдің биік билігіндегі елең етерлік ауыс-түйіс... «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен: Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесінің директоры қызметінен босатылды...» – деген ақпаратқа Арқадан Атырауға дейін ен жайлаған қалың қазақ аса көңіл бөле де қоймады. Бірақ, біз бірден назар салып, ойға тұндық. Өйткені, бұл кісі «әлемнің аждаһасы» саналатын Америкада екі мың күн тұрып-қайтқан адам ғана емес, мемлекет қаржысын бопсалауды совет кезінде-ақ бастап, 90-шы жылдардың ортасында түрік бизнесмендерімен бірігіп, тәуелсіз Қазақстанның қазынасынан жалпы сомасы 24 миллион АҚШ долларынан асатын қаржыны жымқырған егемен елдің «тұңғышы»... Тұңғыш «тұлғаға» қалай көңіл бөлмейсің?!. Қай жылы Мемлекеттік Хатшы кезінде Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев туралы «Бұл кісі Ресей азаматы екен» деп сыбыс шыққанда, қатты шошынған біз: «Мемлекеттің барлық құпияларын – артықшылықтары мен кемшіліктерін, мықты жақтары мен босаң тұстарын – толық білетін, Елбасы сенім көрсеткен Мемлекеттік хатшы бізден ділі де, тілі де, діні де бөлек; көршіміз әрі серіктесіміз десек те, кейбір жағдайларда, тіпті, қарсыласымыз болып табылатын Ресейдің азаматы болса, жетіскен екенбіз?!.» – деп ашына жазған едік... ...Иә, Виталий Хлюпин дейтін орыстың тарихшы-саясаттанушысы 1998 жылы «Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен отбасы» атты кітап жазды. Бұл кітапта Елбасына жақын адамдардың бірі әрі Үлкен отбасының белсенді бір мүшесі ретінде Қанат Саудабаевтың аты аталған болатын. 1946 жылы Алматы облысында дүниеге келген Қ.Саудабаевтың үлкен отбасына қаншалықты алыс-жақындығын дөп басып айту қиын, бірақ, оның бір заманда сотталып та кете жаздағаны шындық. Әрине, қазіргі өмірбаян парағынан әлдеқашан өшіріліген бұл дерек Елбасын ғана емес, кез келген есі бүтін адамды ойландырса керек... Сонау 60-жылдары Қанекең Ленинградтың Мәдениет институтында оқып жүргенде курстас көршілерінің заттарын қымқырып кетуді әдетіне айналдырыпты. Ақыры, арсыз баукеспе қолға да түскен. Бірақ, шұғыл атқа қонған бір топ туыстары Нева жағалауындағы қаланың тиісті адамдарының көмейін тығындап, Қанекеңді әупіріммен аман алып қалады. Комсомолдан шығарылмай, институттан қуылмай, оқуын жалғастырған жігітке ешбір курстасы жақындамай, алыстан айналып өтсе де, Қанекең қатты қайғырып-қинала қоймапты. Н.Крупская атындағы Ленинград Мәдениет институтымен тоқтамай, СОКП Орталық Комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын да қоса тәмамдаған Қанекең қарны тоқ өмірдің – тек «заңды бұзу» жолымен ғана келетіндігін айқын аңғарып, Алматы мемлекеттік циркін басқарғанда мемлекет қаржысын қарпып асап, тағы да қолға түседі... Тағы да... «іс бітті, қу кетті» болып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі дөкей ағасының арқасында қылмыстық іс қозғалмайды. Дәу ағасы жағымсыз жемқорлығымен көзге түскен бауырын елден аулақ, жерден жыраққа аластап, 1992 жылы Түркияға елшілік қызметке аттандырады. «Ауру қалса да, әдет қалмайтыны» белгілі ғой, бұрынғы қылықтарының жазасынан жеңіл құтылған Қанекең «дәніккеннен – құныққанның жаман» екендігін естен шығарып, түріктің іскер азаматтарымен сыбайласа кетеді. Нарықтың құйтырқыларына қанық түріктер сырбаз Саудабаевқа көпке дейін шалдыра қоймаса да, қазақтың мүддесінің белінен басқан Қанекең түріктерді ақыры қармағына түсіреді. Саудабаевтың адамдарының «Ынтымақ» сауда үйі 8,6 миллион АҚШ долларына түріктер өндірген ортанқол сападағы киім-кешек, аяқ киімдер, тұрмыстық электр тауарларын сатып алса, «Тағам» компаниясы түріктердің өз елінде өтпей тұрған маргарин өнімдерін шығаратын ескі технологиясын 10 миллион АҚШ долларына алуға мәміле жасайды. Мол қаржыны усына түсірген әккі-елші аталған кәсіпорындарын шұғыл  «шығынға» ұшыратып, қыруар қаржынің ізін ізім-қайым жоқ қылады. Түркиядан алынған несиелер мен олардың пайыздарын қосып, Қазақстан Үкіметі жалпы сомасы 24 миллион доллардан асатын қаржыны түріктерге қазынадан төлейді. Қазақ үш ғасырға жуық боданнан босап, есін жиып, етегін жинай алмай жатқан өте қиын-қыстау жылдары аса ірі ауқымдағы қаржы-қаражатты қымқыраған Қанекең күні кеше Президенттің жанындағы Жемқорлықпен күрес комиссиясының жұмысын басқарды. Бұл дегеніңіз: момын қойды – қатыгез қасқырға баққызғанмен тең кереғарлық еді!.. ...Жалпы, өзінің биікке самғаған қызмет жолын М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында қарапайым режиссерліктен бастаған Қанекеңнің қай еңбегімен «философия ғылымдарының кандидаты» ғылыми атағын алып, нендей артық қабілетімен «саясат ғылымдарының докторы» болғанын түсіну қиын... Басын айналдырып, көзі жұмылған бақ пен лауазым, билік пен байлық Қанекеңді Мәдениет министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі, Түркия, Ұлыбритания, АҚШ-тағы елші, Премьер-министр Кеңсесінің Басшысы, Мемлекеттік хатшы қызметтерінен сүріндірмей алып өтті. Жеті жыл жат жұртта жүріп, еліне қайтқан Қанекеңді қатты тебіреніспен қарсы алған журналист Ерлан Бекхожин(Қазір Президенттің Телерадио кешенінің бастығы) өзінің «Артқа қарай – болашаққа. Қанат Саудабаев алға қарай жылжу үшін, артқа қарай елге оралды» деп аталатын көлемді мақаласында: «Елбасы біздің тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жаңаша ойлай да, іс-қимыл жасай да алатын ең ауыр жерлерге Қ.Саудабаевты аттандырып отырды» дей келіп, 1996 жылы Саудабаевтың әлемнің қаржы орталығы – Лондонда елшілік қызметінде елге мол инвестиция тартқанын айрықша атайды. Е.Бекхожин өз сөзін былай түйіндейді: «Саудабаевты ұзақ жылдардан бері етене білетіндер және еліміздің саяси даму ырғағын қадағалап жүргендер, оның лаузымды қызметке оралуын, Назарбаевтың өз командасына шынайы мемлекетшіл әрі сенімді серіктесін тартудағы шешімін заңдылық деп есептейді...» Әйткенмен, Астанаға табаны тиген «философ» американдық қадетіне салып, Ақордадағы адамдарды бірден екіге қақ бөліп тастады.Біріншілері: хас дұшпандар, екіншілері: пайдаланатын адамдар. Бірінші топқа, алдымен, Нұртай Әбіқаев пен Иманғали Тасмағамбетов ілікті. Ә дегенде, қуатты Тасмағамбетовке қарсы күресу үшін Саудабаев-Әлиев одағы құрылады. Өзара аздаған түсінбеушілікті ұмытып, Рахат Әлиевпен «достасып» алған Қанекең Тасмағамбетовті сүріндіру жобасына бел шеше кіріседі. Бұл «достықтың» қатаң шарты былай болады: 1. Әлиев Тасмағамбетов пен Әбіқаевқа қарсы күресінде тізе біріктірген Саудабаевқа «Мемлекеттік хатшы» лауазымын алып беруге уәде береді. 2. Өз кезегінде Саудабаев үлкен күйеудің ниеттестерін құқық қорғау құрылымдарына қайтаруға уәде береді. Екеуі Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновты былайша үгіттейді: «Сен ешкімнен қорықпа, Алматының жоғарғы жағындағы жер телімдерін мықтылырға үлестірген мен емес – Тасмағамбетов, деп Президентке батыл айт. Осы Атыраудың балық жегіш баласын ауылына асырып жіберсек, сен қайтадан «батпан құйрық» Алматыңа әкім болып келесің» дейді. Шақша басы шарадай болған Храпунов үлкен кісіге кіруге мәжбүр болады. Бірақ, Елбасы да «оңай шағылатын жаңғақ емес», мәселенің тереңін түсіне қояды. Ақыры, қолда бар заңды құжаттарымен Тасмағамбетовтың кінәсіздігі анықталып, Храпунов «құрбандыққа» ұшырап, жылы орыны – Төтенше жағдайлар министрі қызметінен төтенше жағдайда босап қалады. Жобасы күйреп, жолы кесілген Қанекең басын тауға да, тасқа да ұрады. Елбасына тікелей ықпал ететін жолдар іздестіре бастайды. Қазақ билігінің «суға салса – батпайтын, отқа салса – жанбайтын» тұлғасы (Нұртай Әбіқаевтан кейінгі) болуға ұмтылған арман-мүддесін қалайда жүзеге асыруға барлық күш-жігерін жұмсайды. Үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шүкеевті Премьер-министрдің орнына немесе ең кемі Алматы қаласының «майлыжілік» әкімтағына дәмелендіреді... Миллиардер Болат Өтемұратовқа да «достық» қолын ұсынып, сүйкене береді. Кенет, әдепсіз «ұялы телефон әңгімелерінің» шатағына ұрынған байшыкеш Елбасының қаһарына іліккенде, Қанекең тайқып, қарсы жағалауға шығып кетеді... Аракідік «ақылдасып» тұратын қазақтың қазына-қоймасының ұрлағыш қара тышқаны Александр Машкевич те әлсіз де әлжуаз «ойыншыдан» күдерін үзді... Американың әңгүдік буымен желпініп сөйлеп, жұлқына жұмыстанған Қанекең жоғарғы биліктің әртүрлі дәреже, әралуан жастағы адамдарына уәдені үйіп-төгіп, көбінен қомақты «сыйақылар» да алып үлгерген, дейді ұзынқұлақ... Тіпті, Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікті өзіне тікелей бағындырып, агенттіктің қорындағы қарымды мамандардан өзіне жаңа жақтастар тартуға талпыныс жасайды. Тың талпыныс, жанашыр жолдас табу оңайға түспейді. Әркім өз қамын күйттеп, ауа жайыла бастайды. Арыны басылып, сенімі азайған Қанекеңнің қарқыны сөнуге айналады. Ал, интернет желісінде Қанеңнің «ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан»: «Да, по «Времени» есть вопрос. Но если это наша газета, е.. твою мать, чего там х....й заниматься-то, бл...?» – деген сыңайдағы әңгімесі шыққан соң, ол Елбасымен жүздеспек түгілі, маңайына да жақындай алмай қалды. Сөйтіп, күндіз-түні ақ тер, көк терге түскен «циркашқа» жер бетіндегі арсыздықтың, имансыздықтың, тексіздіктің, мейірімсіздіктің, қатыгездіктің, ұрлық-қарлықтың ордасы болып табылатын Америка секілді ең қатыгез елден жеті жыл үйренген аярлығы да жәрдемдеспей, Президент Әкімшілігінің «бірінші скрипкасын» құйқылжытып орындай алмайды. Қанекеңнің Мемлекеттік Хатшы лауазымы қазақтың көкейінде «Айтысты жауып тастаған» топас-тасырлығымен қалса, өз отбасы шеңберінде баласының «Болашақ» бағдарламасын басқаруымен «бағаланатын» шығар... ...Кезінде бәйбішесі орыс Қанекеңді «Ресей азаматы екен» дейтін әңгіме дүр еткенде біз былай деппіз: «Қазақстанның барлық жоғары лауазымды шенеуніктерінің азаматтығын шұғыл әрі тиянақты тексеру керек. Бұл жауапты шаруаны Президентіміз Н.Назарбаев өзі құпия құрған, басқа ешкім білмейтін айрықша топқа тапсыруы қажет. Бұлай болмаған күнде біздің ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздігімізге әрдайым қауіп төніп тұрады.» Арада бірнеше жылдар өте шықты. Әйтсе де, бұл әңгіменің маңыздылығы артпаса, еш кеміген жоқ. Соңғы кезеңде әдемі киініп, әшекей байлаған «той генералы» Қанекең «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» дегенге сайып, қанша жерден «бөрі аштығын білдірмей, сыртқа жүнін қампайтса «да, қанша жерден он екіде бір гүлі ашылмаған жас перизаттармен түрік теңіздерінде кемемен сейілдегенді ұнатса да, там-тұмдап қауқары кеміп, көзден жырақ, көңілден тасалана бермек... Әйткенмен, «Жыланның үш кескенмен, кесірткедей күші бар» екендігі рас болса, Қанекең латышқа елшілеп кеткен Ермұқанбет Ертісбаевтың орынына «Президенттің саяси кеңесшілігіне» немесе басқа бір лауазымға қонжиуы да әбден мүмкін... Десе де, соққы бермек түгілі, соққыдан сытылудан қалған кәрия-болмыс, сірә, жан тыныштығы мен тән тыныстығын көбірек қаласа керек-ті. Қанекеңнің қуаты мол, қарымы зор жетпісінші жылдары өшкен ғасырдың қойнауына құлап кетті... Бүгіннің тәлім-танымы да, әдіс-тәсілі де басқаша: жат, қатаң, қасаң... Запастағы капитанның «Қоштасу әні» зәрлі болса да, зарлы болмағай...

 Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

www.qazaquni.kz