«Қазпошта» 163 млн теңгені тиімсіз жұмсаған - Есеп комитеті
2021 ж. 15 қазан
1395
0
2021 жылғы 14 қазанда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің кезекті отырысы өтті, онда «Қазпочта» АҚ-ның активтерін басқару тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындылары қаралды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" Есеп комитетіне сілтеме жасап.
Отырысқа бейнеконференциябайланысы режимінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, «Қазпочта» АҚ-ның өкілдері қатысты.
«Қазпочта» АҚ ұлттық пошта операторы және ҚР-да тағайындалған оператор болып табылады.
Қоғам елдегі 3024 өндірістік объектісі бар ең үлкен филиалдық желіге иелік етеді, оның ішінде орталық операциялық учаскілер – 187 бірлік, пошта байланысының стационарлық бөлімшесі – 2 026 бірлік, пошта байланысының пункттері – 508 бірлік, пошта байланысың жылжымалы бөлімшесі 106 бірлік, төлемдерді қабылдау пункттері – 197 бірлік.
Қазіргі заманғы пошта байланысы ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосады және ауылдық жерлерде неғұрлым қажетті әлеуметтік маңызы бар қызметтерді көрсетуде экономикалық және әлеуметтік жүктемені алып жүреді.
Бұдан басқа, 2018 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге жүргізілген аудит қорытындылары бойынша бірқатар анықталған проблемалар бар.
Атап айтқанда, «Қазпочта» АҚ қызметтің түйінді стратегиялық көрсеткіштерін орындамаған. Мәселен, 2018 жылы ҚТК 29% (7 көрсеткіштің 2), 2019 жылы 72% (7 көрсеткіштің 5) және 2020 жылы қызметтің түйінді көрсеткіштерінің 86% (7 көрсеткіштің 6) қол жеткізілмеген.
Соңғы 3 жылда «Қазпочта» АҚ Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісінде жүйелі түрде төмен түсуде (2017 жылы - 46 орын, 2018 жылы – 49 орын, 2019 жылы – 52 орын). «Қазпочта» АҚ-ның рейтингтегі төмендеу қарқынын ескере отырып, Дүниежүзілік пошта одағының нұсқасы бойынша 20 жетекші пошта компанияларының қатарына кіру қойылған мақсатына қол жеткізе алмау тәуекелі бар.
2017 жылдан бастап «Қазпочта» АҚ-ның ауылдық жерде байланыстың әмбебап қызметтерін көрсетуден болған шығындары субсидиялануда.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазпочта» АҚ-ның пайдасына негізделмеген субсидиялар төлеуге әкеп соққан бұзушылықтарға жол берді. Осылайша, қалалық жерде жазылу бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын тарату жөніндегі қызметтерді көрсету кезінде шығындар өтелген.
Түркістан қаласында бір жыл бұрын салынған және пайдалануға берілген құны 1 млрд. теңге болатын Цифрлық офис ғимараты қазіргі уақытта пайдаланылмайды. Ғимарат толық дайын болмай және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкессіздікте пайдалануға қабылданды..
Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша 163,9 млн. теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар, оның ішінде бухгалтерлік есептілік бойынша 0,6 млн. теңге сомасына, тиімсіз жоспарлау - 678,3 млн. теңге, тиімсіз пайдалану - 47,4 млн. теңге, 6,9 млн. теңге сомасына экономикалық шығындар, сондай-ақ 32 рәсімдік бұзушылық фактісі және 2 жүйелі жетіспеушілік анықталды..
Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру, активтерді басқарудың, бюджеттік субсидияларды басқару мен пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ету бойынша тиісті ұсынымдар берді. «Қазпочта» АҚ-на анықталған бұзушылықтарды жою, салалық заңнама талаптарын сақтауды қамтамасыз етпеген лауазымды тұлғалардың жауапкершігін қарау бойынша тапсырмалар берілді.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға 2 материал жіберілді.