«Әл Каусар» медицина-сауықтыру орталығы ашылды

«Әл Каусар» медицина-сауықтыру орталығы ашылды

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың қатысуымен Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында «Әл Каусар» медицина-сауықтыру орталығы ашылды. Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Шерзад Нишановтың демеушілігімен бой көтерген жаңа медициналық орталық 70 орынға лайықталған. Инвестиция көлемі 120 млн теңгені құрап, 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Емдеу мекемесі физиотерапия, ішек жолдарын тазарту, неврологиялық және жүрек емдеуге қажетті заманауи үлгідегі медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Жаңа «Әл Каусар» медицина-сауықтыру орталығының ашылуына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. Ол Түркістан облысында қарқынды дамып келе жатқан медицина саласындағы жетістіктерге тоқталып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген медициналық мекемелердің саны артқанын атап өтті.

«Медицина саласына тартылған инвестиция көлемі күн санап артуда. Жекеменшік клиникалар Ордабасы, Кентау, Шардара аудандарында салынып жатыр. Медицина саласын дамытуға жан-жақты күш салынуда»,- деді облыс әкімі.

Өз кезегінде, М.Әзілханов Қазақстан халқы Ассамблеясының институттары мен құрылымдарының жергілікті жерлерде әлеуметтік маңызды бастамалар мен жобаларды іске асыруға қатысуының маңыздылығын, бұл азаматтық патриотизмнің көрінісі, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға маңызды үлес қосатынын атап өтті.

«Еліміздің оңтүстік бөлігі түрлі ұлт өкілдері көп шоғырланған аймақ. Әсіресе осы Түркістан, Шымкент өңірлерінде өзге ұлт өкілдері өз шаруаларын дөңгелетіп, тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың басым бөлігі жеке кәсіппен айналысып, сол аймақтағы қарапайым халықты бірқатар жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде. Ашылып жатқан жаңа медицина орталығы да халқымыздың денсаулығын жақсартуда өз үлесін қосып, кеңейіп, бұдан да көп азаматтарымызды жұмыспен қамтамасыз етеді деп сенемін. Бұл үлгі боларлық игі іс»,- деді Марат Әзілханов.

Ассамблея Төрағасының орынбасары бұған дейін Шымкент қаласы және Түркістан облысы Қазығұрт, Сарыағаш, Төле би, Келес аудандарындағы ҚХА құрылымдарының басшыларымен, этномәдени бірлестіктерінің төрағаларымен кездесіп, Ассамблея ағартушылық және әлеуметтік-бағдарлық жұмыстарға баса назар аударуы тиіс

екеніне тоқталды. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер мен олардың белсенділері өз этностарының топтарымен өзара тығыз байланыста және жаңа, әрі тиімді бағытта жұмыс жасау қажеттілігінің маңызын атап өтті.