Қызылорда облысының бас экологиялық инспекторы ұсталды

Қызылорда облысының бас экологиялық инспекторы ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері Қызылорда облысының бас экологиялық инспекторын ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды zakon.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желідеҚызылорда облысы экология департаменті басшысының орынбасары әрі бас экологиялық инспектор Бекзат Тілегеновтің ұсталғаны хабарланған болатын. Бүгін, 7 қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл ақпаратты растады.

Оған ЖШС директорынан кәсіпкерлер пайдасына шара қабылдауы және олардың мұнай қалдықтарын өңдеу саласындағы қызметіне қолдау көрсеткені үшін алдында келісілген 100 миллион теңгенің 50 миллион теңгесі көлемінде пара алды деп күдік келтіріледі. Шенеунік ұсталып, Шымкент қалалық ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды, делінген хабарламада.

Департаменттегілер оның алдында бас экологиялық инспектор болған, Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің бастығы Әбдіқалықовқа қатысты үкім шыққанын еске сала кетті. Ақпанда ол 30 миллион теңге көлемінде пара алу кезінде ұсталды. Бұл үшін сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.