Бір аптада ел аумағында 3 мыңнан астам қылмыс тіркелді - ІІМ
2021 ж. 06 қыркүйек
1511
0
Бір аптада ел аумағында 3 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елдегі қылмыстық жағдайға тоқталсақ, бір апта ішінде 3 012 қылмыс тіркелді, оның 2 040-ы тәулік ішінде ашылды», - деді Нұрділдә Ораз онлайн бирифингіде.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 5 кісі өлтіруді, 3 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 36 тонау және 452 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты. Сонымен қатар ресми өкіл ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға кіріскенін айтты.
«Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшыларымен бейнеконференцбайланыс режимінде жедел кеңес өткізді, онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын сапалы және уақтылы іске асыру үшін бірқатар міндеттерді белгіледі», - деді Н. Ораз.