Жалақы көтерілсе, жағдай жақсарады - Мақсат Раманқұлов
2021 ж. 04 қыркүйек
1366
0

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа жолдауы халықтың ойынан шығуда. Өйткені онда бүгінгі еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына қарқын берер бастамалар дұрыс көтеріліп отыр.
Жолдауда “Ақ жол” партиясы көтеріп келе жатқан көп мәселелер қамтылыпты.
Мысалы, “Ақ жол” фракциясы биыл көктемде үкіметке бюджет қызметкерлерінің, мәдениет, медицина саласындағы қатардағы мамандардың және көп саладағы техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру туралы депутаттық сауал жасаған еді.
Ол сауалда: «Ақжол» партиясына қатардағы қызметкерлер, яғни, санитарлар, ассистенттер, еден жуушылар, жедел жәрдем жүргізушілері, мұражай, өнер, мектеп, балабақша, кітапхана, мұрағат саласындағы өзге де қызметкерлер өздерінің әріптестері үшін мемлекет жыл сайын жалақыны көбейтсе, ал сол салалардағы техникалық қызметкерлердің жалақысы қатарынан көптеген жылдар бойы өзгеріссіз қалады деген шағымдармен жиі жүгінеді.
Сонымен қатар, осы саладағы орта буын қызметкерлерінің тіпті жоғары білімі бар қызметкерлердің орташа жалақысы шамамен 60 мың теңгені құрайды.
Жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы – шамамен 70-75 мың теңге және 5 жылдан астам уақыт бойы жоғарылаған жоқ, мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлерінің жалақысы – шамамен 50 мың теңге.
Мұндағы қызметкерлердің көпшілігі өз жұмысын адал атқарады және ондаған жылдар бойы осылай жұмыс істейтін шынайы энтузиаистер.
Біздің азаматтарымыздың бұл санаты тіпті ипотека бойынша тұрғын үйге қол жеткізе алмайды және ондаған жылдар бойы жалдамалы пәтерлерде тұрады. Жалақыларына дұрыс киіне алмайды, балаларын асырай алмайды, күнделікті мәселелерді шеше алмайды.
Алайда, бұл азаматтар біздің мемлекет ретінде жауап беретін мамандарымыз емес пе?!
Осындай жалақыға қалай өмір сүрсін?!
Неліктен біздің осы саладағы мамандарымыз қиналу керек, олардың да көптеген проблемалары бар емес пе, олар да біздің мемлекетіміздің азаматтары ғой?! Осы азаматтардың 90 пайызының шағын несиелері бар, қарызға белшесінен батқан, шығармашылық туындыларын шығаруға қаражаты жоқ, Үкімет тарапынан нақты көмек те жоқ.
Біз техникалық кадрлардың әлеуметтік саладағы, яғни, білім беру, денсаулық сақтау жүйесіндегі, мәдениеттегі мүдделерін қорғау мәселесі мемлекет назарынан тыс қалды деп санаймыз.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы әлеуметтік саладағы жалақыны көтеру кезінде бір мезгілде техникалық қызметкерлердің еңбекақысын көтеру қажет деп есептейді.
Біз әлеуметтік саланың көмекші және техникалық қызметкерлеріне қатысты әділеттілік танытуды, жалақыны көтеру кезінде оларды назардан тыс қалдырмауды сұраймыз.”-деп, парламентте сұрау салдық.
Енді міне, осы елдің әлеуметтік жағдайын жақсартудағы маңызды
мәселе Қазақстан Президенті жолдауында атап айтылып, нақты қадамдар жасалды.
Мемлекет басшысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді.
“Ақ жол” партиясы халық аманатын орындау жолында қайрат таныта береді.
Мақсат Раманқұлов,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты