Шенеуніктерге мемлекеттік тілді білу міндеттеледі

Шенеуніктерге мемлекеттік тілді білу міндеттеледі

Қазақстанда мемлекеттік тілді еркін меңгеру мемлекеттік қызметкерлер үшін міндетті болуы мүмкін. Бұл ел талап етіп келе жатқан басты мәселелердің бірі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Open NLA порталында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына нормативтік-құқықтық кеңесші құжаттың жобасын дайындап, орналастырды. Құжатта тілге қатысты да жазылған тұстары бар.

«Мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолданылуын кеңейту үшін біз мемлекеттік қызметке қабылдау үшін мемлекеттік тілді білудің шекті деңгейін орнату керек деп есептейміз», - делінген құжат мәтінінде.

Құжатта мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы қоғамдық қатынастарды трансформациялау процестерімен тығыз байланысты екені айтылған. Қоғамдағы қазақ-орыс билингвизмінің даму динамикасы мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптарға әсер етпей қоймайды.

Бүгінде елімізде 90 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Алайда олардың ішінде мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер саны аз емес. Тіпті, биік мінберде мемлекеттік тілде қойылған сауалға орыс тілінде жауап беріп, талай мәрте ел ішінде күлкі мен келекеге айналған сәттер аз емес.

Мемлекеттік қызметкерлердің белгілі-бір тілді белсенді қолдануы көбіне қызмет саласына және олар жұмыс істейтін аймаққа байланысты.

Мемлекеттік тілді білу маңызы артып келеді. Бұл демографиямен де тығыз байланысты. Мысалы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша қызмет алушылардың 8%-ы тілдік кедергіге байланысты қанағаттанбаған.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мемлекеттік қызметкерлерге тілді еркін меңгеруге қойылатын талаптарды енгізу мәселесі қоғам мен уақыттың қажеттілігінен туындады.

Қолданыстағы заңнамада мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді еркін меңгеруге қойылатын талаптар қарастырылмағандықтан, біз «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Мемлекеттік тіл туралы» заңдарда қарастыруды қажет деп санаймыз»,-делінген құжатта.

«Құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес, бұған дейін өз жұмыс істеп жүргендерге қолданылмайтынын атады. Яғни, талаптар тек жұмыс істейтін қызметкерлерге емес, жаңадан келгендерге қолданылады.

Мемлекеттік тілді білу мемлекеттік қызметке тұру барысында көптеген елдерде міндетті болып табылады. Ресей мен Германия, Қытай сынды елдер солардың қатарында.

abai.kz