Нұрлан Ноғаев энергетика саласында оңтүстік өңірлердегі жобалар туралы айтты

Нұрлан Ноғаев энергетика саласында оңтүстік өңірлердегі жобалар туралы айтты

Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға арналған Үкімет отырысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев оңтүстік өңірлердегі жобалар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Электр энергиясын тұтынудың өсуін және елдің энергия теңгеріміндегі баламалы және жаңартылатын энергия түрлерінің үлесін ескере отырып, маневрлік қуаттарды дамыту республиканың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болып отыр. Осыған байланысты, министрлік генерациялаудың маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғыларды салу тетігін іске асыру аясында Түркістан облысы мен Қызылорда, Алматы қалаларындағы алаңдар бойынша 2021 жылғы желтоқсанға арналған аукциондық сауда-саттық өткізу кестесін жариялады. Сонымен қатар, Алматы қаласының экологиясын жақсарту аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қуат нарығы шеңберінде 600 МВт дейінгі бу-газ қондырғысын сала отырып, Алматы қаласындағы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру, сондай-ақ қуаты 250 МВт дейінгі бу-газ қондырғысын салу арқылы Алматыдағы ЖЭО-1-ді жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыратын болады», - деді Н. Ноғаев. 

Оның айтуынша, жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру қорытындылары бойынша 2026 жылға қарай елдің оңтүстігінде жалпы инвестициялар көлемі 1,2 трлн теңгеден астам шамамен 2300 МВт қуатты іске қосу күтілуде. 

«Бұл ретте, оңтүстік өңірлердің қолданыстағы газ инфрақұрылымы болашақ жобаларды қажетті отын көлемімен қамтамасыз ету үшін біраз шаралар қабылдау қажет. Мемлекет басшысы атап өткен жобаларды табысты іске асыру үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлесіп, оңтүстік өңірлердің экономикасы мен халқының газға деген қажеттілігін қамтамасыз ету, сондай-ақ энергетика жобаларын іске асыру үшін қосымша инфрақұрылым салу мәселесін пысықтаймыз», - деді министр. 

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.