ҰБТ-дағы жанжал: Қабатовтың қызы қалай «Алтын белгі» алғаны тексерілді
2021 ж. 18 тамыз
2026
0
Бұған дейін қазақстандық заңгер танымал әзілкеш қызының орнына ҰБТ тапсыруға басқа адамның кіргенін айтты. Содан кейін көпшілік мектеп бітірген оқушының «Алтын белгіні» қалай алғанына қызығушылық танытты деп хабарлайды kznews.kz.
Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы бұған дейін ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру кезінде алаяқтық жасады деп айыпталған қазақстандық әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызына қатысты оқиғаға түсініктеме берді.
Бұған дейін қазақстандық заңгер Абзал Құспан өзіне белгілі ақпарат көзіне сілтеме жасап, ҰБТ кезінде Қабатов қызының орнына тесті университет студенті тапсырғанын хабарлады. Соған байланысты жағдай талқыланып жатыр. Осы әңгіме шыққаннан бастап әлеуметтік желі қолданушылары әзілкештің қызы бітірген мектеп пен «Алтын белгіні» қалай алғанын тексеруді сұрады.
«Нұр-сұлтан қаласының білім басқармасы барлық «Алтын белгі» иегерін білімге құштарлығы мен мақсатқа жетудегі табандылығы үшін ризашылығын білдіріп, оқушы Аманғали А.Т. мектептерде оқу кезінде жоғары нәтиже көрсеткенін және шынымен де жылдық қорытынды бағалау нәтижелері бойынша «Алтын белгі» иегері екенін хабарлайды», – делінген Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының ақпаратында.
Басқарма мәліметіне сәйкес, тексеру барысында «Алтын белгі» беру кезінде заңбұзушылық болмаған, құжаттар белгіленген талапқа сәйкес келеді.
ҰБТ-да не болды?
Білім және ғылым министрінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, 13 маусымда Нұр-Сұлтанда төрт оқушының орнына тест тапсыруға басқа төрт адам өткісі келген. Олардың әрқайсында екі жеке куәлік болған.
Тестілеуге өткен кезде олар өз куәлігі арқылы Face-ID-ден өткен. Аудиторияға кірер алдында сәйкестендірудің екінші, үшінші кезеңінен өтіп, содан кейін куәлігін ауыстырған. Сол уақытта бұзушылық анықталып, олар тестке жіберілмеді. Бірден полиция шақырылды. Артынан қылмыстық іс қозғалды.
Содан кейін Тұрсынбек Қабатов әлеуметтік желіде видео жариялап, алаяқтық туралы отбасы мүшелерінің білмегенін, бұл тестке дайындайтын орталықтың әрекеті екенін айтты.