Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Шардаралықтармен кездесті

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Шардаралықтармен кездесті

Апта басында Алаштың айтулы ақыны, ұлт жанашыры, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, жерлесіміз Иса Қазыбек Жарылқасынұлы туған жер төсіне арнайы іс-сапармен келді.

Қоғам қайраткері еліміз бойынша «Абай күні» аталып өтер сәтке дөп келген туған жерге сапарын «Өскен өңір» газетінің жұмысымен танысудан бастады. Елін сағынып емірене келген ақынды редакция ұжымы мен аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Қыстау Ілесов, ұзақ жылдар ауданымыздың бас имамы қызметін атқарған, қазіргі таңда наиб-имам болып қызмет атқарып жүрген Асылхан қажы Данияровтар құшақ жая қарсы алды.

–«Өскен өңір» газеті қай уақытта да мен үшін орны бөлек басылым. Өзіндік тарихы бар. Бұл жерде Шардараның руханиятын көтеруге атсалысқан ағаларым мен інілерім қызмет етті.

Бала күнімнен осы газеттің оқырманымын. Бұл газет менің ақын болып қалыптасуыма ықпал еткен газет. Мектеп қабырғасында жүргенде, студенттік шақтарымда жазған өлең-жырларым осы басылымда жарық көріп, өлеңсүйер қауымнан өз бағасын алып жатты. Мұндағы аға-інілеріммен Алматыға кеткенімше тығыз қарым-қатынаста болдым. Қазіргі таңда да байланысымыз үзілген емес.

«Өскен өңір» таяуда жекешелендіріліпті. Ендігі тізгін ақын, осы басылымның ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан ініміз Сәбит Лаханның қолына тиіпті, құтты болсын айтамын. Көп аудандарда газеттерді кәсіпкерлер алып жатыр екен, ал Шардарада газетті осы саланың маманы алыпты. Бұл қуанарлық жағдай. Ендігі жерде елдің ойындағысын жазып, оқырмандардың ықыласына бөлене бересіздер деп сенемін,-дейді ақын ағамыз ағынан ақтарыла.

 

Әңгіме-сұқбат барысында басылымның құрылтайшысы әрі бас редакторы Сәбит Қоспанұлы қонақтарды атқарылып жатқан жұмыстармен, алдағы жоспарлармен етене таныстырып өтті. Қыстау Інәйұлы мен Асылхан қажы да әңгіме барысында қоғам өмірінде газеттің алар орны жайлы, оқырмандардың сұраныстары туралы пікірлерін білдірді.

Жерлесіміз мұнан кейін ауданымыздағы тұңғыш тәуелсіз басылым – «Шартарап-шарайна» газетінің редакциясына барып, әріптестеріміздің тыныс-тіршіліктерімен жақын танысты.

–«Шарайна» – Шардараға өзгеше леп әкелген басылым. Өзіндік ұстанымы бар, тұрақты оқырмандары бар. Жеке газет шығарудың қиын екенін білемін. Біз де «Қазақ үнін» шығарғанда әуелгі кезде қиналдық. Бірақ қажымадық. «Шарайналықтар» да 19 жылдан бері талмай ізденіп, газетті мазмұнды етіп шығарып келеді. Бұл ретте Нұрмахан Қарыға алғыс айту керек,-дейді Қазыбек Жарылқасынұлы. Әріптестеріміз де өз кезектерінде ақынға ризашылықтарын білдірді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты мұнан кейін аудандық орталық кітапхана қызметкерлерімен кездесті. Руханияттың ордасы болып саналатын ортада мазмұнды пікір алмасу болып өтті. Орталық кітапхана директорының орынбасары Гүлшарат Смайылова қонақтарға жұмыс барысын баяндай келе түйіткілді мәселелері бар екендігін жеткізді.

–Біздің кітапхана орналасқан жер талапқа сай емес. Ғимарат үлкен жолдың бойында тұр. Ағылып жатқан көліктің даусынан кітап оқу мүмкін емес. Бір жағымызда күріш зауыты жұмыс істеп жатыр. Таңнан кешке дейін тарсылдаған дыбыс бір тынбайды. Одан қалса дәнге үйірсектеген тышқандар біздің ғимаратта да жүреді. Бір күні кітаптарымызды кеміріп тастай ма деп қауіптенеміз. Алдыңғы жағымызда мектеп бар. Шу көп. Оқырмандарға жағдай жасай алмаймыз. Сізден сұранарымыз – осы мәселенің оң шешілуіне ықпал жасасаңыз екен,-деген Г.Смайылова ұжымда атқарылып жатқан өзге де жұмыстарға қысқаша шолу жасап өтті. Жиын соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты бұл мәселені шешуге атсалысатынын атап өтті.

Елмен кездесу барысы мұнан кейін «Армспорт» спорт клубының жұмыстарымен танысуға ұласты. Қол күресі бойынша Шардараны ғана емес, бүкіл Қазақстанды шаршы әлемге танытып отырған қол күресі шеберлерінің жаттығуын көрген қонақтар аталған жеңістердің қандай термен келіп жатқандығына көз жеткізді, таңдай қағып, разы болысты. Ашық алаңда найза мен ядро лақтырушылардың, бір залда қол күресі спортшыларының, бір залда зілтемір көтерушілердің, бір залда каратэшілердің, бір залда семсерлесушілердің, енді бір залда шойын жұдырықты боксшылардың жаттығып жатқанына куә болған қонақтар бірауыздан «мынадай жағдайда маңдай терлерін төгіп жатқан спортшылардың болашақта Олимпиада ойындарына жолдама алмауы мүмкін емес» десті. Лайым, солай болғай! Осы ретте Қазыбек ағамыздың таяуда әлеуметтік желіде: «Қазақстан алтынға қарқ болу үшін Олимпиадаға қол күресін енгізу керек!» деген оралымды ойы есімізге түсіп отыр.

Түс әлетінен соң негізгі кездесу аудан әкімдігінде жалғасты. Ақынын сыртта тұрып күтіп алған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай ағасын алға оздырып, төрге жайғасқан соң ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қысқаша шолу жасап өтті. Сөз кезегін алған Қ.Жарылқасынұлы жүздесуге келген жерлестерін Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстармен, осы уақытқа дейін өзі көтерген мәселелермен кеңінен таныстырды.

–Елдегі биліктің биік мінберіне шыққан соң елдік мәселені көтеруді өзімнің азаматтық парызым деп санаймын. Депутат болғанға дейінгі ұстанымым да солай еді, мұнан кейінгі ұстанымым да солай болып қала береді,-деді Қ.Иса.

Айтса айтқандай, ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының бұған дейін мемлекеттік тіл мен мәдениет туралы, жер туралы, Алаш қайраткерлерін ардақтау жайлы, шетелдегі қандастарымызды елге оралтуды жеңілдету жайлы көтерген депутаттық сауалдары көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

Жиынға қатысушылар осы мәселелерді тағы да еске алып, өздерін толғандырып жүрген сауалдарды ортаға салды. Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Қыстау Ілесов: «Елімізде заң бойынша «Еңбек ардагері» атағы берілетінін баршаңыз білесіздер. Бірақ оны алу оңай емес. Талаптары қатал. Оны әр саланың министрліктері немесе ведомстволары береді. Ал кейбір саланың сол ведомостволары да жоқ. Ол саладағылар қайтеді? Мысалы, полиция қызметінен зейнетке шыққандар мұндай атақ ала алмайды. Әрине, олар қынжылады. Осы мәселені депутаттық мінберден көтерсеңіз екен деген тілегіміз бар» дейді.

Мұнан кейінгі кезекті кездесу аудандық мәдениет сарайында, Қызылқұм ауылы мен Қоссейіт ауылында жалғасты. Кездесулер барысында тұрғындар ауылды газдандыру, шаруаларға мемлекеттік қолдауды күшейту туралы өтініштерін жеткізді. Жерлестерінің өтініштерін жазып алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты аталған мәселелердің оңтайлы шешілуіне барынша ықпал ететінін атап көрсетті.

Қазыбек Жарылқасынұлы жоғарыда аталған кездесулерде бір топ белсенді азаматтарға «Ақ жол» партиясы атынан марапаттар табыс етті. Нақтылай айтсақ, еңбек ардагері Қыстау Ілесов пен аудандық мәдениет сарайының қызметкері, жыршы-термеші Сәкен Бегмановтар «Қазақ хандығына 550 жыл» медалімен, аудандық мәслихат депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Пернеқыз Смайыл «Қазақ Республикасына 100 жыл» мерекелік төсбелгісімен, аудандық орталық аурухананың дәрігері Дәулет Қайназар эпидемиологиялық кезеңдегі еңбегіне орай «Жанқиярлық күресі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Осы тақылеттес кездесулер 11 тамыз күні Жетісай, Мақтаарал аудандарында да болып өтті.

Рүстем Ерғалиұлы


Алатаудан мұзбалақ боп оралдың

(Ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға)

Бұралаңы көп өмірдің өзі жорық-сын,

Оты бар жігіт ол жолдан неге қорықсын?

Тағдыр-жібіңді Алатауыңа байларда,

Деді ме екен:

– Кіл қырандарға жолықсын.


Жыр еді-ау сонда елге тастаған жоралғың,

Арман арқалап Алматы жаққа жол алдың.

Қызылқұмыңнан қасқалдақ болып ұштың да,

Алатау барып мұзбалақ болып оралдың.

Барыс жылында туылған бар бол Барысым,

Әу баста бөлек көрінген аяқ алысың.

Қазыбегін бүгін қарсы алды мынау қалың ел,

Ұмыт қалдырып сүйкімді Сапаралысын.

Турасын айттың. Туғанға сөйтіп жақпадың,

Жәдігөйлердің басынан бір-ақ аттадың.

Қой,-дегендердің ауыздарына құм құйып,

Түбінде аға, азаматтығыңды ақтадың.

Сыр еді бұрын, жыр болды бүгін мекенің,

Көрдің бе елдің іргесі бүтін екенін.

Паң күліп барып, Парсының падишахына,

Көрсетіп қойдың қазақтың қандай екенін.

Қазақта ердің нарқы бір сөзден білінген,

Пенде көп қазір зыр қағып тілмен жүгірген.

Тағдырың сені сүріндірсе де тізеңнен,

Сүріндірмесін, сүріндірмесін тіліңнен.

Қорғай алатын болайын деген баласын,

Қолдай алатын аман боп тұрса Алашың.

Тоқсанда көкпар тартатын атам секілді,

Жыр-бәйгелерді тақымға талай аларсың.

Ақыры айттым, жасырам аға, сыр несін,

Адал болсам дейм адам боп өмір сүргесін.

Жаныңа жақын тіксем бе деймін өзімше,

Жатаған ғана қараша үйдің іргесін!


Сәбит ЛАХАНОВ