ЕКПЕ САЛУ ПУНКТІ АШЫЛДЫ

ЕКПЕ САЛУ ПУНКТІ АШЫЛДЫ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында студенттер мен оқытушылар, сондай-ақ, Алматы қаласының тұрғындары үшін Covid-19-ға қарсы екпе салу пункті жұмыс істеуде.

Көп жағдайда жастар қауымы коронавирустың жасырын тасымалдаушысы болып, жасы ұлғайған адамдарға ауру жұқтырудың жоғары қаупін тудыратындықтан, елдегі ең ірі университетте екпе салу пунктін ашу бастамасы қолға алынды. Бұдан бөлек, жеткілікті ұжымдық иммунитет қалыптаспаса, студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамы қашықтықтан оқытудан дәстүрлі жүйеге ауыса алмайды.

Орталықта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған вакциналар қолданылуда. Егу жұмыстарын және порталда тіркеуді «Smart Health University City» медициналық ұйымы жүзеге асырады.

Екпе алушылар үшін жайлы күту аймағы және екпеден кейінгі жағдайды бақылау орындары жабдықталған. Сонымен қатар аудио және визуалды ақпараттық материалдар ұсынылады.

Алматы қаласының Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес коронавирустық инфекцияның таралуын бақылау мақсатында университет бүгінде «Ashyq» бағдарламасын қолданады. Мұнда бетперде тағу режімі сақталып, әлеуметтік қашықтықты сақтау шаралары қабылданған. Азаматтардың ғимаратқа кіріп-шығуы реттеліп, тепловизорлар іске қосылған.

Білім ордасы университет деңгейінде ғана емес, Алматы қаласы бойынша да эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына өзіндік үлесін қосуда.