Үндістанда тағы бір қауіпті вирус табылды
2021 ж. 28 маусым
1073
0
Адам үшін қауіпті саналатын Нипах вирусы Үндістандағы жарқанаттардан табылды.
Жаңа вирусты Үндістанның ұлттық вирусология институтының ғалымдары анықтаған. Махараштра штатындағы жарқанаттар вирустың тасымалдаушысы болып отыр, - деп хабарлады sputnik.kz.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұшатын түлкілер мен тышқандарда кездесетін вирусты әлемдегі ең қауіпті деп санайды. Ол осы жануарлардың сілекейі бар жемістер жеген адамдарға жұғады", - делінген үнді ғалымдарының мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Нипах вирусын емдейтін дәрі немесе вакцина жоқ екендігі хабарланды. Одан өлім деңгейі 40 проценттен 75 процентке дейін жетеді.
Бұған дейін Үндістанда аурудың төрт ошағы анықталған болатын. Нипах вирусы алғаш рет 2001 және 2007 жылдары Батыс Бенгалияда тіркелген. Тағы екі рет - 2018 және 2019 жылдары Керала штатында.
Ғалымдар 2020 жылдың наурызынан бастап Махабалешвара үңгіріндегі Rousettus leschenaultii и Pipistrellus Pipistrellus түрлерінің 80 тышқан сынамаларын зерттеп, олардан РНҚ мен Нипах вирусына антиденелерді тапқанын атап өтті.
Зерттеушілердің айтуынша бұл зерттеулер әлі де пысықтауды қажет етеді.