Қарағандыда Абай көшесі атауына наразылық білдіруші астыртын әрекет жасап жүр
2021 ж. 18 маусым
2311
0
Қарағандыда әлемдік пролетариат көсемінің суретін салған адам іздестіріліп жатыр. Белгісіз суретші қала ортасындағы бұрынғы Ленин, қазіргі Абай көшесіндегі үйге "қызылдар" көсемінің суретін қайта-қайта салып, биліктегілердің мазасын қашыруда, деп хабарлайды КТК.
"Бұл менің көшем" деген жазуы мен көсемнің бейнесі бар сурет Абай көшесіндегі №21 үйде 10 күн бұрын салынған. Оны тұрғындар үстінен бояп көзін құртқан. Алайда екі күн бұрын тура сол орында Лениннің суреті тағы пайда болды. Бұл жолы суретті қала әмідігінің өзі өшірді. Қазір полиция суретшіні іздеп жатыр. Аталған көше осыған дейін Лениннің атымен аталған. Былтыр көшенің атын Абайдың атына ауыстыру меселесімен қоғамдық тыңдалым өтті. Нәтижесінде коммунистер қанша туласа да, дауыс басымдығымен көшеге ұлы Абайдың есімі берілген. Қала билігі Абай көшесінде Лениннің суретінің пайда болуынан саяси астар көрмейтінін айтады.
Нұрлан Рыстин, Қазыбек би ауданының әкімі:
Мұнда саяси астар бар деп айта алмаймын. Атын шығарғысы келіп хайп қуып жүргендердің ісі болуы мүмкін. Бұл көшедегі үйлердің сырты былтыр ғана жөнделген. Көшенің сәнін бұзбау үшін соларға айтып, суреттің бетін сырлаттық. Полицияның қолына түссе, ойында не болғанын сұраймыз.