Алексей Цой бетперде тағу режимінің қашан жойылатынын айтты
2021 ж. 28 мамыр
2333
2
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда бетперде тағу режимінің қандай жағдайда жойылатынын айтты. Министрлік жоспарына сәйкес, күзде міндетті түрде бетперде тағу талабының күші жойылады, деп хабарлайды zakon.kz.
Министр Цой Нартай Аралбайұлына берген сұқбатында министрліктің Covid-19 жағдайының даму көрсеткіші туралы мәліметтерді екі апта сайын жаңартып отыратынын айтты.
Екі апта сайын, жаңа деректерді ескере отырып, біз жаңа болжамдарды есептейміз. Қазір оптимистік сценарий бойынша деректер бой көрсетуде. Бүгіндері күн сайын ауруханаға түскендерден ауруханадан шығарылып жатқан адамдар көп. Бұл - өте маңызды көрсеткіш.
Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанда бетперде тағу режимі халықтың 60% вакцина алған кезде жойылады.
Басқа елдердің тәжірибесінен, мысалы біз АҚШ пен Израильде бетперде тағу режимінің қалай жойылғанының куәсі болып отырмыз. Бұл елдерде халықтың 60% вакцинацияланған, тұрғындары ұжымдық иммунитетті дамытты. Біздің халықтың 60% вакциналанған кезде, біз де бетперде тағу режимінен біртіндеп бас тартуды жоспарлап отырмыз.
Денсаулық сақтау министрлігінің есебі бойынша, Қазақстан вакциналаудың осы деңгейін биыл қыркүйек айында игеруі керек.
Қазір бізде 2 миллион адам вакциналанды. Яғни, әрбір оныншы тұрғын десе болады. Ал вакцина алушылардың саны күн сайын артып келеді. Бұл арада айта кетерлігі, бірінші компоненттің өзін салдырғанда адамдарда вирустан иммунитеттің қорғанысы қазірдің өзінде 80 пайызға артқан.
Министр түсіндіріп өткендей, вирус адамнан адамға жұғады, ал егер вакцина алса, оның адамнан адамға жұғуы тыйылады.
Егер азаматтардың көп бөлігі вакцина алған болса, вирус енді басқа адамға берілмейді. Біз азаматтарды вакцина алуға шақырамыз, осыны уағыздаймыз. Бірақ біз ешкімді мәжбүрлегіміз келмейді, вакцинация ерікті болуы керек, деді министр Алексей Цой.
Бүгінгі күні 997 360 адам вакциналаудың екі дозасын да алған.