Заң талабын орындамаған депутат 15 тәулікке қамауға алынды
2021 ж. 26 мамыр
2263
0
Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Қайрат Әбішев медициналық тексеруден бас тартқаны үшін 15 тәулік әкімшілік қамауға алынып, сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысына сай, Қайрат Әбішев 25 мамырда таңғы сағат 5-те ұсталды, ол техникалық тексеруден өтпеген Toyota Camry көлігімен жүрген. Оның үстіне ер адам өзін полиция қызметкеріне басқа есіммен таныстырды. Жүргізушіден алкогольдің иісі шықты.
Ұсталған адам наркологиялық диспансерге медициналық тексеруге жіберілді. Алайда ол сараптамадан өтуден үзілді-кесілді бас тартты.
Полиция құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігі (Ішкі істер органдары қызметкерінің алкоголь, есірткі немесе өзге де таксикомандық мас болу бойынша медициналық тексеруден өту туралы заңды талабын орындамау) бойынша әкімшілік хаттама жасап, материалдарды сотқа жолдады.
Сот қаулысымен Қайрат Әбішев ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 8 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде жаза тағайындалды.