Астанада тұруы тиіс Алпамыс батыр ескерткіші аймақта да жоқ...

 

Жиделі-байсын жерінде,

Қоңыраттың елінде,

Байбөрі деген бай бопты,

Бір перзентке  зар бопты...

"Алпамыс батыр"   дастанынан

 

«Жоқтаушысы жоқ ер жетім,

Қорғаушысы жоқ ел жетім».

Қазақ даналығы

   «Қоңыратым, саған қапамын!..»  «Қоңырат» деп отырғанымыз кәдімгі ормандай көп Орта жүздің алты қанатының бірі (кейбіреулер Тарақтыны қосып, Орта жүзді жеті атаға бөледі), қазақтың  әйгілі Алпамыс батыры шыққан Қоңырат руы. Қапа болуымыздың басты себебі де осы Алпамыс батырға байланысты. Қапа болмай қайтеміз, Мырзашөлдің (шөл болғанмен мырза ғой, қараңызшы!) құмынан бастап, сұлу Сырдың бойы мен Қаратаудың күнгей-теріскейін қатар алып жатқан қалың қоңырат елі орналасқан Оңтүстік өлкесінің ия бір де бір елдімекені, тіпті елдімекендердің ең болмаса бір де бір көшесі Тәуелсіздік келгелі Алпамыс батырдың атымен аталмаса! Алпамыстың бір де бір ескерткіші орнатылмаса! Жаңылыспасақ, Қазақстанда кәзір Қабанбай батырдың   14 ескерткіші бар. Соның біреуі Шымкентте, біреуі Түркістанда. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің найман бауырларымыздың қоңырат ағайындардан әлдеқайда ұйымшыл екендігін білдіреді. Иә, бүгінгі күні біз өз жақсы-жайсаңдарымызды насихаттауда, үлгі етуде рулық деңгейден аса алмай отырмыз. Әйтпесе, Алпамыс батыр тек қоңыраттың ғана емес, бүкіл қазақтың, алты Алаштың, түгел түркінің мақтанышы ғой. Біз «қоңыраттар» деп сөздің сыралғысы ретінде қозғап жатқанымыз да. «Құдайдан жасыра алмағанды адамнан жасыра алмайсың», ащы да болса шындық осы. Тіпті сол Қабанбай батырдың Шымкенттегі ескерткіші орнатылып қойғаннан кейін де үстіне ақ жамылғы жамылып, жарты жылдан астам ашылмай тұрды. «Білгіштер» оның себебін Ұлы жүз бауырларымыз «Шымкент секілді біздің жеріміздегі ең биік төбеде неге орта жүздің батыры тұру керек?!» деп көнбей жатыр екен» деп түсіндіріп жүрді. Шынында да, ашылуын ашылғанымен, ол жерге Тәуелсіздік саябағы салынады деген сылтаумен батырдың ескерткіші көшенің қарсы бетіндегі аурухананың тасасына ысырылды. Қайтып, өз орнына әкелінген жоқ. Бұрынғыдай көне қала цитаделінің орнында, Қабанбай батыр даңғылы тірелетін үш айрықта алыстан айбат беріп, халықтың рухын көтеріп тұрудың орнына қашан қасына келгенше көрінбейтін күйге түсті. Соған қарағанда өсек бекер өрбімесе керек. Әйтпесе, 1991-жылдан бері талай тау мен даланы, жайлау мен қыстақты көршілерге беріп жіберген бүгінгі басшылардай емес, қазақтың сынық сүйем жері үшін 75 жасқа дейін жекпе-жекке шығумен болған Қабанбай сол саябақтың салтанатты арка-қақпасын күзетіп тұрса керемет жараспас па еді?!.. Дарабоз-Ерасыл ұрпағына өкпе арта алмас, Алпамысымызға қайта оралайық. Біз жоғарыда «батырдың аты ешбір нысанға берілген емес» дедік. Сәл жаңылыстық. Бір рет, сонау «проклятые 90-ые» деп ресейліктер айтатындай, «қарғыс атқыр 90-жылдары» Шымкенттегі Машинажасаушылар сарайына Алпамыстың аты берілген еді. Ғимараттың төбесінде жазу да жарқырап тұрды бірнеше жыл. Бірақ... Тағы да бірақ. Кейіннен белгісіз себептермен ол атау алып тасталды. Қайтып берілмеді. Шымкентте дәл сол кездері тағы бір мәдениет ордасының – облыстық филармонияның атауынан атақты Шәмші Қалдыаяқовтың есімі алынып тасталған болатын. Дегенмен, филармонияның жолы болғыштау екен – оның басшылығында сол кездері қазақтың ірі ақын қызының бірі, тек сәл «бағы ашылмай» алматылық бола алмай қалған, сол себепті өзгелерден танымалдығы сәл кемшін соғатын Ханбибі Есенқарақызы отырды. Батыр ақын болмаса, Батырлыққа мін емес. Ақын батыр болмаса – Көрген күні күн емес! - деп өзбекстандық өткір ақын Өмірзақ Қожамұратов жазғандай, Ханбибі тек ақын ғана емес, ең алдымен батыр да. Батырлығының арқасында филармонияға «ән падишасының» атын қайтарып алды. Ал, Машинажасаушылар сарайының деңгейі көтеріліп, Опера және балет театрына айналдырылды. Тек, Алпамыстың атын табан тіреп жоқтайтын Ханбибідей қайсар қыз тұрмақ, ұл да табылмай тұр қалың қазақтан. «Жоқтаушысы жоқ» деген осы екен... Бүгінгі билік атам заман ақ иректегі Алпамыс тұрмақ арамыздан күні кеше ғана кеткен Әлкей Марғұландай «бір өзі бір академия» (М.Әуезов) ғұлама ғалымның да, Нұртас Оңдасыновтай теңдессіз мемлекет қайраткерінің де 100 жылдық мерейтойын 2004 жылы жетім қыздың тойындай етіп өткізді. Біреуінің артынан ұл қалмаған, екіншісінен екі ұл болғанмен, шешеге тартып орысқа айналып кеткен немелер. Нұртас атамыздың өзі мойындағандай «өмірдегі үш қателігінің бірінің» салдары ғой. Егер сол екеуінің ұрпақтары мықты кәсіпкер болып, Алматы, Астанадағы пәтерге, қос-қос джипке бәйге жарияласыншы, ақын-жазушы біткен қырылып қала жаздар еді, олай болмаған соң өмірге бір-ақ келер екі жақсының қыз алыспас ет-жақындарының өзі үнсіз қалды. Біздің билік болса бұрнағы жылы түрлі сылтаумен тіпті Абылай ханның 300-жылдығын да тойламады! Ұлы ханның 30 ұлынан тараған қалың мұрагерлері де «Үкімет тойламаса атамыздан әрмен, өзіміз-ақ тойлаймыз!» деуге жараған жоқ. Осыдан соң дуалы ауыз Бұқар жыраудың  ұсақталар ұрпақ жайлы түс жорысы дәл келмеді деп көріңіз... Енді билік тағы да елдің көлемін қимай, Ақмола облысының аясында тойлатпақшы көрінеді... «Алпамыс батыр» эпосының 1000 (!) жылдық мерейтойына 1999 жылы облысты да қимай, Жетісай деген жалғыз ауданның аумағында тойлатып еді біздің билік. Ал, бұндай эпос әлемде көп пе? Жоқ, санаулы-ақ. Біз бағалай алмаған асылды өзгелер алақанына салып әкетеді – қазақ мемлекеті халқына «Үкімет сендерді асырайды» дегенді ұмытыңдар, әрқайсың өз күніңді өзің көр!» деген ұран тастап, қазақтың ұлыларына қарауға мұршасы келмей, бар есіл-дерті мемлекеттік нысандарды  «Мемлекетсіздендіру (атының өзі не деген қорқынышты, сұмпайы еді!) мен жекешелендіру» болып жүрген кезде, өзбек үкіметі  ЮНЕСКО-ның: «Алпамыс батыр» дастаны – өзбек халқының (?) ұлттық эпосы» деген шешімін шығартып, бүкіл әлем деңгейінде тойлатты. Сөйтіп, «халықтың қамын ойлағыш» биліктің «арқасында» «Алпамысты» қазақтың қисса-дастаны деу хақынан да айрылдық, ағайын... «Құдай талантты қазаққа берген,қадырын бізге берген» деген өзбек мысқылы не деген дәл еді... Жарайды, билікке өкпе жоқ, оның өз білгені бар, өз жолы бар, ол сонымен жүреді, жүріп келеді, жүре де бермек дейік, бірақ, сол кезде «Алпамысымыздан» айрылып қалатын болдық!» деп алдын-ала дабыл қаққан қазақтың, қазақты қоя салайықшы, қоңыраттың бір баласы болды ма? Жоқ, болған жоқ! Ал, Өзбекстанда ресми түрде 1,5 миллоннан астам, ал «өзбек» болып жазылған 5 миллионнан аса қазақ бар, соның кем дегенде бестен бірі қоңырат қой. Бірақ, Ахаң айтқандай, «ерім! ұлым!» деген ұлт болмаса, «елім! жұртым!» деген ұл қайдан шықсын... Жақсыларын түгендеу, солардың өмірі арқылы ұрпағын тәрбиелеу ең басты міндеті болып табылатын мемлекет саусағының ұшын қимылдатқысы келмесе, қарапайым халықты қалай аузың барып кінәларсың. Екінші жағынан, ел мен елді теңестіретін жалғыз нәрсе – ерлері ғана. Кешегі 70-жылдары Ақжан Машанов атамыз болмағанда, оның жанына жалау болып қасынан Әнуарбек Әлімжанов ағамыз табылмағанда, сол екі кісінің ерлікке бергісіз еңбегінсіз біз Әл-Фарабидей асылымыздан да айрылып қалар едік. Әлкей атамыз Қорқыт пен Алпамыстың қазаққа тән екенін қанша жерден дәлелдеп кетсе де, қолдан беріп қойған жоқпыз ба. Осыдан біраз жыл бұрын «Қорқыт ата» кітабының 1500 жылдығы тойланды. Қорқыттың моласы бізде, тойланатын жері – әзірбайжанда... Бізден тойға барғандардың намысы жоғы ішкен – мәз, жеген – тоқ болып қайтты, намысы барының сырты - күліп, іші – ұлып қайтты. Қорқыт  секілді даналарды қазақ атандыруға атсалысуға жарамайтын оқымыстыларымыз қит етсе «ол кезде қазақ деген халық болған жоқ» деп шығады. Алпамыстың, Фарабидің кезінде өзбек деген халық болып па еді? Тіпті, тарихта «Өзбек хандығы» деген мемлекеттің болмағанын, өзбек деген ұлттың кеңес заманы келген соң ғана пайда болғанын неге ұмытамыз? Екі-үш жыл бұрын «Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу» қиссасының 1500-жылдығын тойладық. Тағы да ЮНЕСКО арқылы оны «Қазақтың ұлттық лирикалық эпосы» деп атауға аузымыз бармады, тойлатуға жарамадық. «Түркіге ортақ дүние» деумен болдық. Екі ғашықтың моласы бізде, қиссадағы жер атауының бәрі бүгінгі қазақ жерінде сол күйінше тұнып тұр, біздің тірлігіміз әлгіндей. 1999 жылы эпостық қисса-дастан үрдісі ұлтының тарихында болып көрмеген өзбектер кеңес заманында қатардан қалмас үшін «Алпамыс батырға» жармасумен болды, ол жайлы марқұм Рахманқұл ағамыз талай рет айтты да, ақыры келіп басыбүтін иелік етіп алды. 1999 жылы жырды жоқтаудың орнына шымкенттік бір профессор (өзінің руы – қоңырат) «Бұл қисса – барлық түрік әлеміне ортақ қазына» деп жазды. Ау, әзірбайжандар мен өзбектер, қырғыздар мен ұйғырлар неге осы сіздер секілді «түркіге ортақ» деп сөйлемейді? Неге бізден басқа ұлттың бәрі өзіне тартады? Неге осы біз ғана өз жақсымыздан өзіміз беземіз? Түк таппасақ «ойбай, Біржан Жетісуға келмеген, Сарамен айтыспаған, ол айтыс – Әріптің шығармасы» дейміз. Өз қағынан өзі жеруге құмар қандай халықпыз біз осы? Мемлекет мұрындық болмаған істі қоғам, көпшілік төменнен қолға алуға тиіс. Біздің әрі қайын жұртымыз, әрі «жалған» да болса нағашы жұртымыз (олай деуіміздің себебі біз шыр етіп түскеннен бастап мектепке дейін 67 жастағы тас емшегі еріген кемпірдің көкірегін еміп өстік...) болған соң қалың қоңыраттың Алпамыстай ардақтысына бір ескеркіш тұрғыза алмағаны арқамызға аяздай батады. Осы әңгімені «намысын жаниын» деп, нағашы-қайын жұртымыздың әкім-қарасы бар, бай-бағланы бар, мырза-шорасы бар, танитынымыздың бәріне кемі 15 жылдан бері айтып келе жатсақ та, «оһ, шынында да бұнымыз ұят екен!» леп білек сыбанып, белді буынып іске кіріскен біреуін көргеніміз жоқ. Тіпті, кейбір арсыздаулары «сен де алыс емес екенсің ғой, қолға ала берсей» деп өзіңе жармасады. Сол Түркістан, Шымкент, Жетісайдағы мықтылардай бірнеше болмаса да бір ғана базарымыз, қолымыздағы байлығымыз, немесе билігіміз болғанда үн-түнсіз кірісе беру онсыз да ойымызда болған. Тек, оның әзірге ауылы алыс қонып тұр. Өткенде «Төртінші билік» газеті «Алпамыс батыр қоңыраттың Божбан руынан шыққан» деп айқайлатып мақала бергеніндей, бұл рудың жағдайы өте жақсы жігіттері жетерлік. «Алпамыс – біздің бабамыз!» деп шіренгенде үзеңгінің талыс таралғысы үзіліп кете жаздайды. Бірақ, мақтану бар, сөз көп те, іс жоқ. Дегенмен, бізбен ойы үндес азаматтар аз болмаса керек, соның біреуі, Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев деген баурымыз Алпамыс батырға ескерткіш орнатуды қолға алыпты. Мүмкін, кім біледі, ол да біз секілді айта-айта шаршаған болар, мүмкін, «сөзді шығын қылып жатпай-ақ, қолымда билік барда құлашымды сермеп қалайын» деген шығар. Қалай болғанда да үлкен ерлік істі қолға алыпты, енді тек соның сәтін салғанын тілейік. Қолымыздан келгенінше сөз жәрдем, қол жәрдем, қаржы жәрдем берейік. Әрине, Алпамыс, Қобыланды, Ер-Тарғын, Төлеген-Қыз-Жібек, Қозы-Көрпеш-Баян-сұлу ескерткіштері ең бірінші кезекте ел астанасының төрінен орын алуы тиіс еді. Қайтеміз, аты қазақ болғанмен, заты орыс, қазақтың жақсылары тұрмақ тілін де керек етпейтін билік Астанада отырғанда бұның бәрі құр қиял ғана. Басқа тұрмақ Керей мен Жәнібек ескерткішінің қанша дау-дамайдың, күлкі-мазақтың астында қалғаны сөзімізге дәлел. Екеуара бір көше бердік, бөлек берсек артық болып кететіндей... Саясатымыз «1991 жылға дейін қазақта мемлекет болған жоқ» деп тұрған соң, солай болмағанда қайтеді, енді. Тағы айтамыз, өткенге – салауат. Енді тек ескерткіш еңселі, қатып қалған статикалық емес, ең құрығанда армяндардың Давид Сасунскийге орнатқан ескерткішіндей динамикаға толы болып, қысық боп қалмай, қасы-көзі жарқырап, қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз тоңып, қазақтың қас батырының барлық келбет-кейпін ашып тұрсын деп тілейік. Соған атсалысайық. Асығыстыққа ұрынбайық, ағайын. Жақсының жанынан табылайық. Игілікті істі бастау өзіміздің қолымыздан келмеді, енді қосшы болуға жарайық, қалың қазақ...

Өмірзақ АҚЖІГІТ