«Ақ жол» қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеруді талап етті
2021 ж. 21 сәуір
1349
0
«Ақ жол» партиясы әлеуметтік саладағы қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеруді талап етеді. Тиісті депутаттық сауалды фракция депутаты Мақсат Раманқұлов бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жолдады.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Е.Л. Тоғжановқа
Мемлекет әлеуметтік салаға жіті назар аударып келеді, бұл әсіресе пандемия кезінде айқын көрініс тапты. Пандемия кезінде "педагог мәртебесі туралы" заң қабылданып, дәрігерлерге қосымша төлемдер енгізілді. Жыл сайын мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы 20-30%-ға артып келеді, мұның бәрі өте орынды, біз ризашылығымызды білдіреміз және осындай көзқарасты әрдайым қолдаймыз.
«Ақ жол» партиясына осы секторлардың қатардағы қызметкерлері, яғни санитарлар, ассистенттер, еден жуушылар, жедел жәрдем жүргізушілері, мұражай, өнер, мектеп, балабақша, кітапхана, мұрағат саласындағы өзге де қызметкерлер олардың әріптестері үшін мемлекет жыл сайын жалақыны көбейтсе, ал сол салалардағы техникалық қызметкерлердің жалақысы қатарынан көптеген жылдар бойы өзгеріссіз қалады деген шағымдармен жиі жүгінеді.
Мәселен, біз бүгінгі күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы жиі айтамыз және осы бағытта ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл қызметтегі негізгі жүктеме мұрағат, мұражай және кітапхана қызметкерлеріне, тарихшыларға, өнертанушыларға және басқа да мамандарға жүктеледі. Сонымен қатар, осы саладағы орта буын қызметкерлерінің тіпті жоғары білімі бар қызметкерлердің орташа жалақысы шамамен 60 мың теңгені құрайды.
Жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы - шамамен 70-75 мың теңге және 5 жылдан астам уақыт бойы жоғарылаған жоқ, мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлерінің жалақысы – шамамен 50 мың теңге.
Мұндағы қызметкерлердің көпшілігі өз жұмысын адал атқарады және ондаған жылдар бойы осылай жұмыс істейтін шынайы энтузиастар.
Сонымен қатар, инфляцияның экономикалық сипатын ешкім жойған жоқ, мемлекеттік органдар тауарлар мен азық-түлік бағасының өсуін айтпағанның өзінде, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы монополистердің тарифтерін ұлғайтуға үнемі келіседі.
Біздің азаматтарымыздың бұл санаты тіпті ипотека бойынша тұрғын үйге қол жеткізе алмайды және ондаған жылдар бойы жалдамалы пәтерлерде тұрады. Жалақыларына дұрыс киіне алмайды, балаларын асырай алмайды, күнделікті мәселелерді шеше алмайды.
Алайда бұл азаматтар біздің мемлекет ретінде жауап беретін мамандарымыз емес пе?!
Осындай жалақыға қалай өмир сұрсін ?
Біз техникалық кадрлардың әлеуметтік саладағы, яғни білім беру, денсаулық сақтау жүйесіндегі, мәдениеттегі мүдделерін қорғау мәселесі мемлекет назарынан тыс қалды деп санаймыз.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы әлеуметтік саладағы жалақыны көтеру кезінде бір мезгілде техникалық қызметкерлердің еңбекақысын көтеру қажет деп есептейді.
Егер дәрігерге скальпель немесе қысқыш беретін ешкім болмаса немесе оттегі аппараты жұмыс істемесе, бірде-бір дәрігер ота жасай алмайды.
Егер мектептің от жағушысы жұмысқа шықпаса және мектептің ағаш ұстасы сынған терезені алмастырмаса, мұғалім суық сыныпта сабақ өткізе алмайды.
Егер сахна жұмысшылары аппаратура мен декорацияларды орнатпаса, ешбір еңбек сіңірген әртіс өнер көрсете алмайды.
Егер мұрағат қызметкерлері тонна құжаттарды мұқият айналдыра алмаса, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау болмайды.
Ұлыбритания Премьер-министрі Уинстон Черчиллге соғыс кезінде ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол "Мәдениеттің шығындары қайда?" деп сұрайды. Қаржы министрі "Соғыс болып жатыр, мәдениетті ойлауға шама жоқ" депті.
Сонда Черчилль: "Ал біз не үшін соғысып жатырмыз, егер мәдениет болмаса?" деген екен.
Сондықтан біз әлеуметтік саланың көмекші және техникалық қызметкерлеріне қатысты әділеттілік танытуды, жалақыны көтеру кезінде оларды назардан тыс қалдырмауды сұраймыз.
Неліктен біздің осы саладағы мамандарымыз қиналу керек, олардың да көптеген проблемалары бар емес пе, олар да біздің мемлекетіміздің азаматтары ғой?! Менің білуімше, осы азаматтардың 90 пайызының шағын несиелері бар, қарызға белшесінен батқан, шығармашылық туындыларын шығаруға қаражаты жоқ, Үкімет тарапынан нақты көмек те жоқ.
Аталған факторлар әлеуметтік «жарылысқа» ұласуы мүмкін әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі.
Мемлекеттің ішкі саясаты ұлттың рухани тәрбиесін дамытуға бағытталуға тиіс. Медицина және мәдениет пен білімi жоқ ұлттың – келешегі де жоқ.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы айтылған мәселеге назар аударуды қажет деп есептейді және аталған санаттағы қызметкерлерді лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарауыңызды сұрайды.
Құрметпен,
«Ак жол» фракция депутаттары