Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы тергеуге алынды

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы тергеуге алынды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Әсет Қалиевке Ақтөбе облысында жүрген кезінде медициналық қондырғы алуға бөлінген қаржыны талан-таражға салды деген айып тағылып отыр. Қаржы қауіпті індетпен күресу үшін қазынадан бөлінген.

Тергеумен Ақтөбедегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті айналысып жатыр.

Мәліметтерге қарағанда Ақтөбе облысының бұрынғы денсаулық сақтау басқармасының басшысымен бірге тағы бірнеше адам тергеліп жатыр. Бірақ құзырлы орындар мұны ашып айтпайды.

"Іс қозғалғанын растаймыз. Бұрын хабарлағанымыздай, қазір қылмыстық іске қатысты қандай егжей-тегжей жарияла алмаймыз", - деді Ақтөбе облысы жермқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Дархан Мүсіров.

Әсет Қалиев Ақтөбе облысының бас дәрігері қызметінен былтыр жазда босатылған. Артынша Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев оны Таразға шақырып алған.

Үстінен қылмыстық іс қозғалып жатса да, шенеунік әлі мемлекеттік қызметте жүргенін әріптестері растады.