Түрме ісі - әкім назарында

Жуырда Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы Нарымбетов пен облыс прокуроры Қуаныш Сәлімұлы Мұстафин осы облыстың қылмыстық – атқару жүйесі департаментіне қарасты 170/3 мемлекеттік мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Лауазымды тұлғаларды мекеме жұмысымен Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы, әділет полковнигі Азамат Ізтілеуов пен мекеменің жетекшілері таныстырды.

Бақытжан Хаберұлы өз жұмысын мекеменің өнеркәсіппен айналысып жатқан тұсынан бастады. Ол мекеменің коммуналдық – шаруашылық жағдайын аралап көрді. Бас бостандығынан айырылған азаматтардан олардың мұндағы тазалық, дәрігерлік көмек, ас мәзірі мен бос уақыттарын қалай өткізіп жатқандығы туралы сұрап білді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жатқан сотталғандардың қиял ойы мен қолынан шыққан әткеншек, желкендер, мангал, шахмат пен нарды тақталары сияқты өнімдерді көріп, олардың темірден, теріден, матадан, ағаштан ойып жасалған көркем дүниелерін көрді.

Сотталғандардың қолынан шыққан өнімдерге көңілі толған Бақытжан Нарымбетов, олардың жұмыс істеуге деген ынтасына да тәнті болды.  Осылайша, алдағы уақытта жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін мекемеде жұмыс орнын ашуды қолға алатынын айтты. Ол № 1 топтағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жеңілдетілген жағдайда жазасын өтеп жатқан бас бостандығынан айырылғандармен кездесіп, олардың айтар ойын тыңдады. Сондай ақ, сотталғандардың ішер асының құндылығы мен сапасын да тексерген Бақытжан Хаберұлы, 170/3 мекеме басшыларына мүгедектігі мен денсаулығы нашар сотталғандардың ас мәзірінің құндылығын арттырып, тазалығын сақтау мәселесін құнттауды тапсырды.

Мүгедектігі бар сотталғандарды сапалы дәрі –дәрмекпен қамтамасыз етіп, дәрігерлік қызмет көрсету сапасын арттыру жағын қаперде ұстау керектігін атап өтті.