Сәуірде инфекция жұқтыру көрсеткіші 2,8 есе артқан

Қазақстан 14 күннен бері «қызыл аймақта». Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлім етті, деп хабарлады inbusiness.kz порталы.

Республика 14 күннен бері «қызыл аймақта». Оның ішінде 8 өңірде эпидахуал күрделі. Атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды мен Ақтөбе облыстары. Бұл ретте Нұр-Сұлтан мен Алматы бір айдан бері «қызыл аймақта. Ал 7 өңір «сары аймақта». Олар Шымкент қаласы, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар, Қостанай облыстары. Ал Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары «жасыл аймақта, – деді Марат Шоранов.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрінің дерегінше, елімізде сәуір айында эпидемиологиялық ахуал күрделене түскен.

Сәуірдің басынан бері 29 мың 200 жағдай тіркелді. Наурыз айының сәйкес кезеңімен салыстырғанда инфекция жұқтыру көрсеткіші 2,8 есе өскен. Індет жұқтырғандардың 60%-ы үш өңірде тіркелді. Ол Нұр-Сұлтан, Алматы мен Алматы облысы. Сондықтан ПТР әдісімен тестілеу тәулігіне 48 мыңға дейін күшейтілді. Бұл жалпы еліміз бойынша тәуліктік қуаттылықтың 41%-ы, – деді Марат Шоранов.