«Ақ жол»: Мемлекеттік органдар қорғаныс компанияларының таза табысын тәркілеуін тоқтатсын

Мемлекеттік органдар қорғаныс компанияларының таза табысын тәркілегісі келеді және зауыттар «бір табақ ас үшін» жұмыс істеуі керек деп санайды. Бұл туралы фракцияның бүгінгі депутаттық сауалында Андрей Линник мәлімдеді.

ҚР Бас прокурорына

Биылғы жылдың 3 наурызында «Ақ жол» фракциясы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің атына қорғаныс өнеркәсібіндегі істердің жай-күйі туралы депутаттық сауал жолдады. Онда біз мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушы отандық өндірушілердің істерінің жағдайына алаңдаушылық білдірген болатынбыз. Министрліктің берген жауабы одан да көп сұрақтар туғызды. Берілген жауапқа сүйенсек, мемлекеттік қорғаныс тапсырысында бәрі жақсы және отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауда ешқандай проблема жоқ. Сонымен қатар, Министрлік қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын олардың өнімдеріне «бағаны көтергені» үшін сотқа берді және отандық өндірушілерден ағымдағы жылы 2,5 млрд-тан астам ақша өндіріп алуды талап етеді. Алайда, шенеуніктер осы жылдың 25 ақпанында өткен бірінші сатыдағы сотта кәсіпорындардың бірінен ұтылып қалғаны жөнінде үндемеді. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты өндірушілер бұзды деп санайтын Мемлекеттік қорғаныс тапсырысының өнімдеріне баға белгілеу ережелері 2019 жылғы қарашада күшіне енгенін, ал даулы келісімшарттар осы Ережелер қабылданғанға дейін жасалғанын назарға алды. Бұл ретте табыстылықты шектейтін баға белгілеу қағидаларын мемлекеттік органдар тек қазақстандық қорғаныс өнімдерін өндірушілерге ғана қолданатынын атап өту қажет. Шетелдік өндірушілердің өздері баға саясатын анықтайды, ал біздің индустрия министрлігі де, күш құрылымдары да олардың қаржылық құжаттамасына қол жеткізе алмайды. Осылайша, отандық өндірушілерге миллиардтаған санкциялар сала отырып, Индустрия министрлігі қазақстандық кәсіпорындарға қатысты әділ бәсекелестік қағидаттарына қысым жасайды. Бұдан басқа, заңнама талаптары, атап айтқанда, «Құқықтық актілер туралы» заңның 43-бабы бұзылып отыр, онда: «Нормативтік құқықтық актінің күші ол енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды» деп көрсетілген. Қазақстандық өндірушілерді 2,5 млрд-қа жазалауды талап ете отырып, министрлік іс жүзінде компаниялардың таза пайдасын алуға ниетті. Бұл қисынға сәйкес, зауыттар пайда көрмей, жалпы айтқанда «бір табақ ас үшін» жұмыс істеуі керек. Бірақ бұл нарықтық принциптерге қайшы келеді. Мұндай жағдайда бізге қандай инвестор келеді? Қандай да бір себептермен мұндай тәсіл біздің тікелей бәсекелестерімізге - шетелдік жеткізушілерге қолданылмайды. Біз осы дауда Заңды және парасатты ойды жақтайтын, отандық өндірушілердің дұрыстығын мойындайтын сотқа өз ризашылығымызды білдіреміз. Алайда, Министрлік бірінші инстанцияда жеңілсе де, аса табандылықпен бизнесті қудалауды жалғастыруда және аталған шешімге шағымдануда. Осыған байланысты, сондай-ақ ұқсас наразылықтардың басқа қазақстандық зауыттардан келіп жатқанын, ал олардың осы дауға оппоненті өзінің барлық әкімшілік және ұйымдастырушылық мүмкіндіктері бар үкіметтік орган екенін ескере отырып, отандық кәсіпорындарда талқылаудың одан әрі барысыны қатысты негізі бар қауіптер туындайды. Баяндалғанның негізінде, құрметті Ғизат Дәуренбекұлы, «Ақ жол» депутаттық фракциясы Сізден отандық кәсіпорындарды әділетсіз бәсекелестік пен кемсітуден қорғауды және берілген сот қуынымдарына қатысты Нормативтік-құқықтық актілердің кері күшін қолдану фактілері бойынша прокурорлық ден қою шараларын қабылдауды сұрайды. Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары