«Ақ жол»: Тауарлардың ілеспе жүкқұжаттарын толық алып тастау қажет

«Ақ жол» фракциясы тауарлардың ілеспе жүкқұжатын толық алып тастау қажет, енгізу мерзімдерін ауыстыру мәселені шешпейді  деп санайды. Бұл туралы «Ақ жол» фракциясының екінші сауалында Мақсат Раманқұлов мәлімдеді.

ҚР Қаржы министріне

Президент Тоқаев өз Жолдауында Салық кодексін кәсіпкерлердің қолдануы үшін барынша түсінікті және қарапайым етуді тапсырды. Бұл тапсырманы бизнес үлкен үмітпен қабылдады, бірақ біз салық органдарының салық есептілігін жеңілдетудің орнына одан да көп бюрократия құрып, Президенттің тапсырмаларына тікелей қайшы келетін әрекеттер жасауын көріп отырмыз. «Ақ жол» партиясына бөлшек сауда саласындағы орта және шағын бизнестен және дәріханалардан тауарлардың ілеспе жүкқұжаттарын (ТІЖ) енгізуге байланысты өтініштер легі келіп жатыр. Осы мәселелер бойынша осы жылдың 3 ақпаны мен 7 сәуірінде депутаттық сауалдар жолдаған болатынбыз. 6 сәуірде «Ақ жол» партиясында барлық өңірлердің атынан сауда және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлердің қатысуымен кеңес өткізілді, олар ТІЖ әдістемесіне наразылық білдірді. Кәсіпкерлер бірнеше негізгі ұстанымдарға сілтеме жасайды:  1) компьютерлік техниканы сатып алу және бағдарламалық жасақтаманы барлық сауда субъектілерінің, соның ішінде ең кішкентайларын орнату қажеттілігі, бұл, әсіресе, пандемия кезінде қымбатқа түседі; 2) арнайы бухгалтерді жалдау қажеттілігі, өйткені әр өнімді сату үшін ТІЖ-та 15 тармақ бойынша деректерді толтыру қажет. Әрбір сатып алушы кем дегенде 3-5 тауар түрін сатып алады, күніне 100-200 адам шағын дүкенге барады. Яғни, 1 күн ішінде бағдарламаға кем дегенде 4-5 мың деректерді енгізу керек! Әрине, бағдарламаның бұзылып қалу қаупі де бар. Бұл ретте ТІЖ кәсіпкер бухгалтерлік есептілікте ұсынатын ақпаратты қайталайтынын ескеру қажет. Яғни, оның практикалық мағынасы жоқ. Бірақ кәсіпкер таңдау жасауға мәжбүр: бизнесті жүргізу, отбасын асырау немесе күніне 24 сағат салық төлеушілерге қажет емес есептерді жазу. «Ақ жол» партиясындағы кеңес барысында шағын бизнес өкілдері осындай қолайсыз жұмыс барысының әсерінен бизнестің жабылуы мен үмітсіздігі туралы атап өтті. Біздің сауалдарымыздан кейін ТІЖ енгізу мерзімін ауыстыру туралы Үкіметтің шешімі жарияланды. Біз Үкіметке бұл шешім үшін алғыс айтамыз, бірақ кейінге қалдыру аталмыш проблемаларды шешпейді. Халық айтатындай: «шексіз қасіреттен гөрі, қорқынышты болса да, уақытында бас тартқан дұрыс». «Ақ жол» партиясындағы кеңес барысында Қаржы министрлігінің өкілдері ТІЖ «үй жанындағы дүкендерге» таралмайды деп сендірді. Бірақ оларды қалай анықтауға болады деген тағы бір сұрақ туындайды. Өйткені, үйде дәріханалар бар, бұл норма оларға да әсер етеді. Шағын бизнестің басқа субъектілеріне де әсер етуі мүмкін. Оларды қайтеміз? Салық заңнамасы «үй жанындағы дүкендер» деген ұғымға анықтама бермейді, дегенмен салық қызметкерлері оны түсіндіру және ТІЖ туралы ресми жадынамаларда белсенді қолданады. Олай болса нақты түсіну керек: бұл салық төлеушілердің жаңа санаты ма, әлде? Әдіснамалық шешім қажет, егер салық төлеушілердің жаңа санаты туралы айтатын болсақ, онда оның атауын өзгерту ғана емес, оның өлшемдері мен реттеу ерекшеліктерін заңнамалық түрде анықтау қажет. Сонымен қатар, өңірлерде салық қызметкерлері бизнесті ТІЖ жүргізу бойынша жаппай оқытуға шақыруда. Сонда кім өтірікші: Қаржы министрлігі ме, әлде салық қызметкерлері? Түптеп келгенде бизнеспен жергілікті салық органдары жұмыс істейді ғой. Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы шағын және орта бизнес үшін ТІЖ енгізуді біржақты тоқтату қажет деп санайды. Қаржы министрлігінің өкілдері сендіргендей, ірі бизнес үшін қолайлы болған жағдайда, олар үшін ТІЖ-ын жеке кілтпен енгізу тәртібін қарастыру қажет. Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары