Тоқаев азаматтық қоғаммен кері байланыс орнату маңыздылығы туралы айтты

0
429

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі өзінің жаңадан тағайындалған Арнаулы өкілі Ержан Қазыхановпен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігінің құрылымында осы жаңа лауазымның бекітілуі жаһандық және өңірлік күн тәртібінің жылдам өзгеруі кезінде халықаралық ынтымақтастық мәселесіне ел басшылығы тарапынан ерекше назар аударылатынын білдіретінін атап өтті.

Президент ұлттық экономиканы және әлеуметтік саланы жедел қалпына келтіру үшін COVID-19 пандемиясының ауыр салдарын еңсеру, сыртқы ресурстарды тарту жөнінде шетелдік серіктестермен тығыз байланыс жасауды Арнаулы өкіл қызметінің басты басымдықтары ретінде атап өтті.

Осыған байланысты кездесуде цифрлық және жасыл технологияларға баса мән беріліп, озық инвестициялық жобаларды іске асыруда, көпжақты қаржы-экономикалық ұйымдармен ынтымақтастықты арттыруда, Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында жаңартылған әлемдік сауда архитектурасын қалыптастыруда Қазақстанның белсенді атсалысуы қажет екеніне назар аударылды.

Сонымен қатар Ержан Қазыхановқа гуманитарлық сала, климат дипломатиясы, сондай-ақ, Қазақстанның негізгі сыртқы саяси бастамаларын ілгерілету сияқты халықаралық ынтымақтастықтағы маңызды міндеттер жүктелді.

Жоғарыда аталған міндеттерді ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру барысында отандық және шетелдік зерттеу орталықтарымен, Қазақстанның азаматтық қоғамымен кері байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Президент Сыртқы істер министрі, Президент көмекшісі, БҰҰ және ЕҚЫҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілі, Австриядағы, Ұлыбритания мен АҚШ-тағы елші сияқты жауапты қызметтердегі жұмыс тәжірибесі Ержан Қазыхановтың өзіне жүктелген жаңа міндеттерді абыроймен атқаруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз