«Ақ жол» зардап шеккен секторларда ШОБ үшін несиелік және салықтық демалыстар енгізуді ұсынады
2021 ж. 07 сәуір
777
0

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Ә. Смайыловқа
ҚР Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрағасына
Жақында өткен эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте Президент Қ. Тоқаев Үкіметке «зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес субъектілері үшін жекелеген салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге қалдыруды шұғыл түрде енгізуді, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банкке экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнес несиелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін пысықтау туралы тапсырма берген болатын. «Ақ жол» демократиялық партиясы бұл тапсырмаларды қолдайды және Қасым-Жомарт Кемелұлына кәсіпкерлердің қиын, кейбіреулері үшін үмітсіз болған жағдайларға түсіністік танытқаны үшін ризашылығын білдіреді. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша алғашқы тапсырманы бір жыл бұрын, 2020 жылғы 23 наурызда Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында берген болатын. Сол кездің өзінде президент төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынып қана қоймай, алдымен 2020 жылдың 15 маусымына дейін, содан кейін 1 қазанына дейін, осы бағытта шаралар кешенін әзірлеуді және іске асыруды тапсырды. «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы бірден Президенттің тапсырмасын мұқият пысықтауды талап етті. Өткен жылдың 15 сәуірінен бастап біз Үкіметке, Ұлттық Банкке және Қаржы нарығы агенттігіне 9 сауал мен өтініш жолдадық, онда олар қабылдаған төлемдерді механикалық түрде кейінге қалдырудың жартысы ғана орындалғанын көрсетіп, өзара байланысты мәселелердің бүкіл кешенін пысықтауды талап еттік. Қолданыстағы несие шарты шеңберіндегі қарапайым кейінге қалдыру мәселені шешпейді, керісінше қарыз жүктемесін күшейтеді. Ол аяқталғаннан кейін жинақталған төлемдер сомасын банктер қарыздың негізгі сомасына аударады және Шарттың қалған мерзімінде ағымдағы төлемдер өсе береді. Бұл кәсіпорындарды күйреу қаупіне ұшыратады, өйткені олардың айналым мөлшері азайды. Мысалы, қызмет көрсету саласында, соңғы бір жылдан астам уақыт ішінде айналым 5-6 және тіпті одан да көп есеге азайды. Сондықтан «Ақ жол» демократиялық партиясы аталған сауалдарда келесілерді табанды түрде ұсынды:- Төлемдерді кейінге қалдыру ғана емес, сондай-ақ ағымдағы төлемдер сомасын сақтау үшін шағын және орта бизнеске осыған ұқсас кезеңге несие шартының мерзімін автоматты түрде ұзарту құқығын беру;
- Дәл сол мақсаттар бойынша банктерге кейінге қалдырылған төлемдерді борыштың негізгі сомасына айырбастауға тыйым салу, бұл үшін тек кейінге қалдыруды ғана емес, ШОБ-тың зардап шеккен секторлары үшін несие демалыстарын жариялау.
- Пандемия аяқталғанға дейін салық демалыстарын енгізу, зардап шеккен секторларда айыппұлдар мен өсімпұлдарды жою, сондай-ақ салық төлеушілердің жағдайын нашарлататын жаңа салық салу және оны әкімшілендіру нормаларын енгізуге тыйым салу.