Дарабоз қаламгер, қарымды қайраткер еді...

"Ақ жол" партиясы Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділдің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жолдады. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қабдеш Жұмәділ өмірден озды деген суық хабар біздің де қабырғамызды қайыстырып кетті. Қазақ әдебиетіндегі соқталы туынды «Соңғы көштің» авторы, алыптардың соңғы тұяқтарының бірі Қабдеш Жұмәділ ағамыз «Көкейкесті», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» романдары мен бірнеше көркем әңгімелердің авторы еді. Сонымен қатар қазақтың даңқты да, дарабоз қаламгері ғана емес, қарымды қайраткері де еді. Қоғамдық-саяси өмірде өз үнін батыл да, ашық айтып отыратын. Ұлттық мүддені қорғау, Мемлекеттік тілді қолдау жолында қашанда алдыңғы қатардан табыла білді. «Ақ жол» партиясының  Алаш қайраткерлерін ұлықтау, қандастар көшін көбейту, Мемлекеттік тілді қолдау туралы ұсыныстарын қолдап, өз ой-пікірлерін қосып  отыратын еді. Алла алдынан жарылқасын дейміз. Алды пейіш, арты кеніш болғай... Қалың қазаққа қайғырып көңіл айтамыз. Отбасына, асыл жары Сәуле Әукенқызы апайымызға, балаларына, партиядағы әріптесіміз Арман Қабдешұлына және Дәурен, Дәулет, Жәнібек, Ерке бауырларымызға, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Иманы саламат болсын! Қазақ әдебиетіндегі «Соңғы көш» тарихтың ұлы көшіне ұласа береді. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан,   ҚР Парламенті Мәжілісінің депутататтары: Азат Перуашев, Қазыбек Иса, Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсембинов, Азамат Әбілдаев, Дания Еспаева, Айгүл Жұмабаева, Серік Ерубаев, Андрей Линник, Мақсат Раманқұлов,Ерлік Өмірғали, Азат Сембинов.