Көкшетаудың төбесіне хандар мен батырлардың ескерткіштерін қою ұсынылды
2021 ж. 23 наурыз
2969
1
Көкшетауда Бұқпа тауының төбесінде Абылай хан, Кенесары хан, Бөгенбай батыр сияқты батыр бабаларымыз бен хандарымыздың еңселі ескерткіштерін қою туралы ұсыныс көтерілді,– деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Facebook әлеуметтік желісінде осылай деп ортаға ұсыныс тастаған Арай Сүлейман есімді елорда тұрғыны. Өмірінің басым бөлігін Мысыр шаһарында өткізген азамат Көкшетаудың қызына үйленіп, екі-үш жыл шамасында Көкшетауда тұрыпты.
«Көкшетауда үйленіп шаңырақ құрып, отбасы болдық. Әрине, қалада қаншама көркіне көз тоймас сұлу жерлер бар. Бірақ өкінішке орай ол жерлерде арақ-шарап ішіліп, дұрыс қаралмай жатқаны көңіл қынжылтады. Бір жағынан жергілікті халықтың басым бөлігінің әлі де болса ана тіліне қырын қарайтынын (оның ішінде өзіміздің қаракөздеріміз де бар) көп байқадым. Бірде Васильков шағын ауданындағы «Союз» дүкеніне азық-түлік алуға бардым. Дүкенші орыс тілінде сөйлескен қазақ жігітіне күлімсірей қарап, әңгімелесіп сұраған заттарын берді. Мен әдеттегідей қажет азық-түліктерді қазақша сұрадым. Әрине, айтқанымның бәрін түгелдей түсініп тұр. Бірақ, бір түрлі ызғармен маған суық қарады. Орысша сөйлеп тұрып алды. Мен ыза болып, ешнәрсе де алмай дүкеннен шығып кеттім. Осыдан кейін бұл дүкенге аттап баспадым»,– дейді Арай Сүлейман.
Жоғарыдағы оқиғадан кейін Арайдың санасын солтүстіктегі қазақ тілі мәселесі, қоғамдағы түйткілді жайлар мазалай берген. Сол себепті ұзақ күндер ойларымен арпалысқан жігіт Бұқпа таудың басына батыр бабалар мен хандардың ескерткіштерін қойған жөн бе деген қорытындыға келіпті. Осы ұсынысы жергілікті билік пен белді кәсіпкерлерден қолдау тауып кетсе дейді.
«Елімізде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» сияқты іргелі мемлекеттік бағдарламалар жүргізіліп жатыр. Неге осы бағдарламалардың шарапатымен, ұлттық құндылықтарымыз бен мемлекеттік тілімізді ұрпақ санасына жеткізбеске?! Бұл туралы біраз адамдарға айтып, іске асыру жолдарын да іздестіруге тырыстым. Сөйтіп, интернетті ақтарып отырып Абылай ханның, Кенесары ханның, Бөгенбай батыр сияқты басқа да қазақтың марғасқа тұлғаларының ескерткіштерін жүктедім. Оларды фотошоппен «Көкшетау» деген жазуы бар Бұқпа тауының басына орналастырдым»,– дейді Арай Сүлейман.
Арайдың айтуынша, кезінде осы облыста әкім болып тұрған Қайрат Қожамжаровтың да Көкшетаудың орталық алаңында тұрған Абылай ханның ескерткішін Бұқпа тауға орналастырсам деген ойы болған көрінеді.
«Расында да таудың төбесінде Абылай хан қасқайып отырса, жан-жағында батырлар мен нөкерлері тұрса, ақ шаңқан киіз үй тігіліп, онда Қазақтың өзге аймағына ұқсамайтын Көкшетаудың еті тартылып, қымызы сатылып, айраны мен қаймағы сатылып жатса… Бұл нағыз керемет болмас па еді!»,– деп түйіндеді Арай Сүлейман.
P.S. Иә, шынымен де керемет болмас па еді?!. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында туристер көп тартылатын жасанды океанариумда қарапайым сүңгуір болып қызмет істейтін қазақы жігіттің зор идеясына біз де бас шұлғыдық. Қазақылықтың иісін аңқытып, ұрпаққа ұлттық кескін-келбетіміз бен батыр бабаларымыздың бейнесін көрсететін тамаша идея. Шынымен жүзеге асып, жергілікті атқарушы билік пен қалтасы қалың кәсіпкерлерден қолдау тапса құба-құп болар ма еді дейсің… Сонда, мемлекеттік тілі әлі де болса кенжелеу қалып келе жатқан өңірде «Мемлекеттік тілді біл, шаңыраққа қара!» деген ой көкейінде тұрар ма еді дейсің…
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы