Брайль жүйесі бойынша «Мен әлемді танимын» онлайн оқыту өтті

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «2021 Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер кітап оқуын қолдау жылын» жариялау аясында көзі нашар көретін балаларды Брайль жүйесі бойынша «Мен әлемді танимын» атты онлайн оқу өткізді. Бұл жобаның мақсаты - Зағип және нашар көретін балаларды Брайль жүйесі бойынша жазуға және оқуға үйрету. Бүгінгі таңда Қазақстанда 20 мыңнан астам зағип жандар тіркелген. Олардың басым бөлігі – балалар. Бұл санат үшін әлеуметтік бейімделудің басты мүмкіндіктерінің бірі - білім алу және Брайль жүйесі бойынша жазу және оқу дағдыларын меңгеру. Алғашқы оқу сабағы мектеп қабырғасынан тыс жерде қосымша Брайль жаттығуларын қажет ететін 1-4 сыныпқа арналады. Сабақты мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арналған залдың маманы Оспанов Камалиден жүргізеді. Курс 2 академиялық сағаттан (45 минут) 10 сабақ аптасына 1-2 реттен өткізіліп тұрады. Сабақ барысында оқушылар Луи Брайль жүйесі бойынша теориялық және практикалық білім алып, жазу және оқу дағдыларын, қазақ және орыс алфавитін, тыныс белгілерін, математикалық белгілерді меңгере алады. Оқыту топтық түрде және (5 адамнан) жеке түрде де жүргізіледі. Оқу курсы 2021 жылдың наурыз айының соңынан басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Оқыту тегін негізде жүргізіледі.