«Ақ жол» ветеринариялық ахуалды жақсарту мәселесін көтерді

0
360

Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев «Ақ жол» фракциясы атынан ветеринариялық ахуалды жақсарту мәселесін көтерді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

Р.В. Склярға

Қазақ халқы бір-бірімен кездесіп, амандасқанда ең бірінші «Мал-жан аман ба?» деп сұрауы тегін емес. Себебі, мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Асырап отырған малының саулығы ол отбасының ғана емес, бүкіл халықтың саулығының негізі. Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ішіндегі жетекші салалардың бірі болса, ветерания оның ең өзекті жүйесі болып табылады.

– Ұлы физиолог Павловтың сөзі бар: «Медицина адамды емдейді, ал, ветеринария адамзатты емдейді». Яғни, ветеринария  – жан-жануар мен адам арасындағы қалқан тәрізді қызмет атқарушы үлкен бір жүйе.

Ветеринария жүйесіндегі тоқырау ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің зардап шегуі мен табысынан қағылуы, мал шаруашылығы саласының инвестциялық тартымдылығының төмендеуі, бюджеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуы сияқты  жағымсыз салдарға әкеліп соғады.

Біздің ұсыныстарымыз:

БІРІНШІ. Фермерлер мемлекет сатып алған вакциналарды қолдануға мәжбүр. 2020 жылы нодульдік дерматиттің таралуына байланысты әр түрлі вакциналау жүрді. Нәтижесінде мал қырылған фактілер аз емес.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Бразилия және мал шаруашылығы дамыған басқа да елдерде, аурудың алдын алу үшін – вакциналау міндетті шара.

Мемлекеттен бруцеллез сияқты аса қауіпті мал ауруларын диагностика жасау үшін және санитарлық союды компенсациялау үшін жылына қаншама қаражат бөлінеді. Оның орнына, бұл қаражатты бруцеллез ауруына қарсы –  міндетті вакцинациялауға жұмсаған жағдайда 2-3 жылда бұл індеттен толық құтылуға болады.

Сондықтан да, мемлекет сертификатталған вакциналарды пайдалануға рұқсат берсе. Бруцеллез ауруына қарсы міндетті вакцинация жасалса.

ЕКІНШІ. Ереже бойынша, төл туылғаннан кейін, бір апта ішінде тіркелуі тиіс. Ал, тіркелмеген жағдайда фермерлерге негізсіз айыппұл салу, мемлекеттік қолдаудан қағылуға әкеп соғады.

Мысалы, туылған төл жөніндегі мәліметті, мал шаруашылығы ақпарттық жүйесі базасына, үш айдан кешіктірмей енгізу мүмкін емес. Өйткені биркалар ең жылдам дегенде жаз айларында ғана келіп түседі.

Министрлік, мемлекеттік сатып алу жүйесіне сілтеп, биркалармен уақтылы қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін орындамайды.

Мемлекеттік өндіруші зауыттармен – МЖӘ механизмі бойынша келісімшарт жасауға мүмкіндік берілсе, сапа жақсарып, шаруалар биркаларға дер кезінде қол жеткізер еді.

ҮШІНШІ. Мал шаруашылығының ақпараттық жүйесі 10 жыл бұрын әзірленген, бүгінде мұндай формат заман талабына сай емес.

Блокчейін сияқты заманауи технологиялар бар. Онда мал иесі электронды өтінім жібереді, ал ветеринар келіп түскен өтінімді тіркеп қояды.

Осылайша операцияның цифрлық ізі белгіленеді және  алаяқтықтан қорғайды. Осындай көп арналылық әдістемені енгізу қажет. Бұл жүйелер арасындағы бәсекелестікті қарқынды дамытуға жол ашып, қағаз жүзіндегі құжат айналымды тоқтатады.   

ТӨРТІНШІ. Мемлекеттік ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық жабдықталуы нашар. Соның ішінде зертханаларда реактивтер табылмай, реагенттердің жарамдылық мерзімі талапқа сай келмей жатады.

Бұдан бөлек, жеке зертханаларға аса қауіпті ауру түрлеріне талдау жүргізуге тыйым салынған. Бұл салаға соңғы рет инвестиция 2013 жылдары салынған.

Талдау жүргізуді бәсекелік ортаға шығару қажет. Бұл талдау құнын төмендетіп, сапаны арттырады.  

БЕСІНШІ. Бұл саладағы маман тапшы. Оның бір себебі – мемлекеттік ветеринар дәрігерлердің еңбек ақысы орта есеппен – 70 мың теңге. Қаражаттың аздығы білікті мамандардың тапшылығына, жастардың осы мамандыққа баруға ынтаның болмауына әкеп соғады.

АЛТЫНШЫ. Министрлік, ветеринарияға қажетті көңіл бөлмей отыр. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы және екі орынбасарының қызмет орындары жарты жылдан бері бос, бұған қоса ветеринария жөніндегі салалық вице-министр тағайындалмаған.

Мал шаруашылығы өнімін экспорттау үшін жаңа нарықтар ашылмаған.

Бұған дейін жұмыс істеп келген нарықтар жабылуда. Ветеринариялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыс тоқтап қалған.

Айта берсек, кемшіліктер аз емес.  Жүйе ақсап тұрғанда, ауыл шаруашылығы саласы шығынға батып қана қоймай, ауру адамға да жұғып – халық өміріне қауіп төндіреді.

Ішіп отырған азық-түлігіңіз, сүтіңіз, етіңіз таза болса, ауру да болмайды.

Сондықтан да,  осы саланы жетілдіруге байланысты ұсыныстарымызды қолдауыңызды сұраймыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары                                                           

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз