Түркістан облысында қариялар бата беруден сынға түсті
2021 ж. 17 наурыз
1235
0
Түркістан облысы Түлкібас ауданының батагөй қариялары бата беруден сайысқа түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында «Бабаларды еске алу және бата күніне» орай ұйымдастырылған мерекелік шараның мақсаты – дәстүрлі баталарды кейінгі ұрпаққа насихаттау, ежелгі салт-дәстүрді жаңғырту.
Екі айналымнан тұратын байқауға ауданға қарасты барлық ауылдық округтердің батагөй қариялары қатысты.
Бірінші айналымнан 9 ақсақал іріктеуден сүрінбей өтіп, ақтық сынға жолдама алды.
Бата сайысының қорытындысымен «Ең батагөй қария» атағымен І орынды Мичурин ауылдық округінің атынан шыққан Жарылқасын Бекжанов ақсақал иеленсе, ІІ орын Майлыкент ауылдық округінің батагөй қариясы Аспандияр Келімбетовке бұйырды.
Ал ІІІ орынды Түлкібас кентінің тұрғыны Ермахан Дәулетов пен Кемербастау ауылдық округінің абызы Ержан Әбдіхалықов аталарымыз жеңіп алды.
Іс-шара соңында жүлделі орындардан көрінген қарияларымыз аудандық ардагерлер кеңесінің тарапынан бағалы сыйлықтар және алғыс хатпен марапатталды.