ӘМСҚ басқарма мүшелері 19 млн теңгеден сыйақы алған
2021 ж. 11 наурыз
1108
1
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) қызметкерлері жалақысына жұмсалған қаражат туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов премьер-министр Асқар Маминге наразылығын білдіріп, сауал жолдады.
"2019 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) әкімшілік шығындары 5,8 миллиард теңгеден асты. Еңбекақы төлеуге 4,4 миллиард теңге жұмсалды. Егер Қорда жұмыс істейтін 850 қызметкерге бөлсек, әрқайсына айына 434 мың теңгеден келеді. Бұл елдегі орташа жалақыдан екі есе жоғары", - деді мәжілісмен.
Аманжан Жамаловтың айтуынша, ӘМСҚ қолжетімді қаржылық есебін зерделейтін болсақ, басқарманың төрт мүшесіне шамамен 77 миллион теңге, әрқайсына 19 миллион теңгеден сыйақы төленген.
"Мүмкін, осы себептен ӘМСҚ басқарма төрағасы өз жалақысын жария етуден бас тартып, азаматтардың жарналары мен аударымдары есебінен қамтылатын мемлекеттік қорға қытысты коммерциялық құпияны алға тартып отырған болар", - деп толықтырды Жамалов.
Сондай-ақ, депутат басқа да қорлар шығыны туралы айтты.
"2019 жылы БЖЗҚ әкімшілік шығыны 11,8 миллиард теңгеден, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында 1,9 миллиард теңгеден асты. Мұндай шектен тыс шығындарға халықтың назар аударуы орынды. Азаматтар әдеттегі қазынашылық функцияларын орындайтын осы қорлар қызметінен қайтарым мен пайда көрмейді", - деді ол.
Жамалов бюджеттен тыс қор қызметіне жариялық енгізу үшін еңбекақы мен әкімшілік шығыстарға арналған барлық бапты ашып көрсете отырып, бюджеттен тыс қор шығыстары туралы ақпаратты барынша жария етуді бекіту қажет деп есептейді. Оның бастамасы ретінде 2020 жылға арналған бюджеттен тыс қор шығыстары туралы ақпаратты жариялау қажет екенін айтты.
"Үкімет бірыңғай әлеуметтік қор құру арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін шоғырландыру мәселесі бойынша Мемлекет басшысы тапсырмасын орындауды жеделдетуі қажет", - деді Жамалов.
Қаңтарда ӘМСҚ басшысы Болат Төкежанов деректердің құпиялылығына сілтеме жасап, алатын жалақы мөлшерін айтудан бас тартты.
2020 жылғы тамызда ӘМСҚ қызметкерлер жалақысының мөлшерін көрсетті. Сол кезде штаттық кесте бойынша шегерімдерді есепке алмағандағы жалақы мөлшері:
- менеджер лауазымына-170 000 теңгеден бастап;
- аға менеджер лауазымына-250 000 теңгеден бастап;
- әкімшілік басқару позициясына-300 000 теңгеден бастап;
- басқарма мүшелері, оның ішінде басқарма төрағасына - 850 000 теңгеден бастап.
Болат Төкежанов ел Президенті сынына ұшыраған Айбатыр Жұмағұлов қызметінен босатылғаннан кейін ӘМСҚ басшысы болып тағайындалды.