Білім министрлігі музыка мектептерінің жекеменшікке өтуін қолдамайды
2021 ж. 11 наурыз
1166
0
ҚР Білім және ғылым министрлігі музыка мектептерінің жекеменшікке өтуін қолдамайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында ведомствоның баспасөз қызметі мәлімет таратты.
«Білім және ғылым министрлігі музыка мектептерінің жекеменшікке өтуін қолдамайды. Ол ұйымдарда балалар қосымша білім алып жатыр. Сондықтан шығармашылық бағытындағы үйірмеге балаларын қатыстырып жатқан ата-аналар мен сонда жұмыс істейтін педагогтердің бұл мәселе төңірегіндегі алаңдаушылығын түсінуге болады. Керісінше, жұмыс істеп тұрған мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарын дамыту қажет» делінген министрліктің хабарламасында.
Ведомствоның ұстанымына сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидасы бойынша қосымша жаңа объектілерді салу және іске қосу мақсатында бизнес өкілдерін тарту қажет.
«Оған қоса биыл «Білім туралы» заңға түзетулер енгізілген болатын, соның негізінде әкімдіктер балалардың жекеменшік қосымша білім беру орталықтарында үйірмелер мен секцияларға қатыса алуы үшін мемлекеттік тапсырыс арқылы жағдай жасай алады» дейді мекеменің баспасөз қызметі.