МҰҚАҒАЛИ - ҚАЗАҚ ЖАНЫНЫҢ ЖЫРШЫСЫ

МҰҚАҒАЛИ – ҚАЗАҚ ЖАНЫНЫҢ ЖЫРШЫСЫ 3-наурыз күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, Философия кафедрасы жанындағы «Кіші әл-Фараби академиясы» клубының ұйымдастыруымен қазақ халқының тұйғын ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90-жылдығына арналған «Мұқағали – қазақтың жанын жырлаған ақын» атты шығармашылық кеш болып өтті (онлайн). Кешке ҚР Мәжіліс депутаты, белгілі қоғам қайраткері, Қазақ тілінің табаны бүрлі күрескері, ақын Қазыбек Иса, ҚР Көркем Академиясы академигі, киноактер, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Шаяхмет Имашұлы, кафедра оқытушылары: Лесқан Асқаров, Сәкен Омаров, Абдраимов Әбдірашит Бәкірұлы қатысты. Кеште М.Мақатаевтың өмірінен көптеген айғақтар мәлім болып, оның өмірдің әр кезеңдерінде жазған өлеңдері мен жырларының тарихы туралы қызықты әңгімелер айтылды. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «Мұқағали – қазақ жанын жырлаған ақын» тақырыбында мағыналы сөз толғады. Ол бір кездері, 1979 жылы Мұқағали Мақатаевтың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын, алайда, Мұқағалидың «қайтыс болуына байланысты» деген сылтаумен өтпей қалғанын әділетсіздік деп біліп, ақын ретінде ашық ойларын сол кезде жырмен де жеткізгенін айтты. Шынында да, бұл ойдың астарында «Ақындарын аялай алмайтын халықтың мәдениеті қандай?» деген сұрақ жатқанын қатысушылар айтқызбай түсінді… Сонымен бірге, Ақын-тіл күрескері Қазыбек Иса өзіне қойылған сұрақтарға байланысты қазір «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң жобасының қандай жағдайда екенін тиянақты баяндап берді. Бұған риза болған Шаяхмет ағасы Қазыбек інісіне «Ақын – халыққа жақын» деп бата-бағасын берді… Ал, өз кезегінде, Мұқағалидың жүздеген жырын жатқа оқитын Шаяхмет Имашұлы Мұқағали өлеңдерін оқудың сахналық образы қалай болуын, сөз эстетикасын Мұқағали жырларымен қалай үндестіру керектігінің үлгісін көрсетті десе болады. Тыңдаушылар Мұқағали жырларымен қатар, Шаяхмет ағаларының орындаушылық шеберлігіне де тәнті болды. Ұстаздар Сәкен Омаров пен Әбдірашит Бәкірұлы Мұқағалиды насихаттауды халықаралық деңгейге көтеру және Мұқағали туралы көркемфильмнің сценариін жазуға конкурс жариялау қажеттігі туралы ұсыныстарын айтты. Кеш қызықты - Философия факультеті студенті Ақнар Тасқынұлының модераторлығымен - бірақ, еркін пікір алмасу форматында өтті. Кеш соңы жоспарланған уақыттан асып кетсе де, қатысушылар бір-бірін қимай отырып алды... Шынында да, көпшілігі, соның ішінде Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса шаруасы шаш етектен болса да "Ал, енді, кешті аяқтап шығайық" дейді, бірақ, ешқайсының "выйти" деген кнопканы басуға жүректері дауаламай, осындай бір көркем кешпен, ақынмен "жүздескен" көркем сәтпен қоштасқысы келмей отырғандарын білдіріп алды... Бұл сүйсінерлік оқиға: себебі, "Ақын - Халқына жақын" деген қасиет жастар бойына сіңсе, онда бұл "болашақтан үміт бар" дегенді білдіреді ғой... Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ Философия кафедрасының аға оқытушысы