Мәдениет министрі шығармашыл балалармен  кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында өңірлерден келген шығармашыл балалармен кездесті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, ақын, балалар жазушысы, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Əлімжанов, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кəпұлы қатысты. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы оқу мәселесінің маңыздылығын атап өткен болатын. Сондай-ақ, бұл мәселедегі кітапханалардың мәртебесіне назар аудара отырып, еліміздің барлық тұрғындарының күш-жігерін қазақстандық оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырды. Кездесу барысында Ақтоты Рахметоллақызы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеті мен жаңа бастамаларына министрлік әрқашан қолдау көрсете беретіндігін айтты. «Алдағы уақытта әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша балаларымыздың бой түзер бағдары болуы тиіс. Яғни, біздің ұрпағымыз жеке тұлға ретінде дамытумен қатар мемлекеттің озық инновацияларға сай зор үлес қосуы қажет. Соның ішінде, туған жерге, қоршаған ортасына өз мәдениеті мен әдебиетіне құрметпен қарап, өз ортасында, достарының арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс. Осы орайда, 2021 жылдың Қазақстанда «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялануы дәл осындай бағыттағы өте қажетті, дұрыс бастама деп санаймыз. Барша балаларды кітап оқуға шақырамын»,- деді министр. Сондай-ақ бұл шаралардың ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандығын да атап өтті. Іс-шарада ақын, балалар жазушысы, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Əлімжанов «Біз бала күнімізде кітап оқыдық. Ол кезде смартфон, интернет болған жоқ. Кітапты таласып оқитын едік. Бізге акаедмик Мәлік Ғабдуллин сабақ берген кезде «Қарақтарым, күніне кем дегенде 1 сағаттарыңды орыс, қазақ, шетел әдебиетіне арнаңдар. Сонымен сендер талай жерге барасыңдар» дейтін. Енді осы күні мен 1 сағат емес, 15-20 минуттарыңды бөлсеңдер де жаман болмайсыңдар деймін»,-деп кездесуге қатысқан балаларды кітап оқуға шақырды. Анықтама. Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылының негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдердің арасында кітап оқу мәдениеті мен кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап оқу мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқудың дәстүрлерін қолдау.Аталмыш шара аясындатүрлі жобалар мен мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар, үйірмелер, шолу мен тақырыптық экскурсиялар, байқаулар мен кездесулер, кештер, челлендждер жүзеге асырылып, әлеуметтік желілер менБАҚ-да кеңінен насихатталатын болады.