Жауапсыз мердігер жалақы төлемей отыр
2021 ж. 02 наурыз
1416
0
Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында бес азамат маңдай терінің ақысын ала алмай жүр. Нақтырақ айтсақ, былтырғы жазда ауылдағы С.Торайғыров атындағы мектепті «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеуге қатысқан жергілікті он азаматтың бесеуі қыркүйек, қазан айларының еңбекақысын алмаған.
Торайғыр ауылының азаматы Сырым Сапарияновтың айтуынша, еңбекақысын ала алмай жүргендер осы азаматтың өзі, Нұрлан Рахимов, Асылбек Рахымжанов, Рымкеш Батаева және Маруаш Есжанова екен. Төлемей отырған мердігер – «Logotek.kz».
- 13 мамырдан 20 қазанға дейін жұмыс істедік. Бізді бұл жұмысқа еңбек биржасынан жіберді, еден төсеу, төбе тарту, шатырды пішінді қаңылтырмен жабу, тағы басқа жұмыстарды атқардық. Бастапқыда жалақыны дұрыс алып жүрдік, кейін қыркүйек, қазан айларының еңбекақысы төленбеді. Биржадан бізге жолдама берген «Баянауыл аудандық жұмыспен қамту бөлімі» ММ басшысы Азат Бақтанұлына ауылға келгенінде мәселемізді айтқанбыз, әкімге жеткізуге уәде берген. Мердігер тараптан бізбен қарым-қатынас жасаған басшы – Дәурен деген азамат қазіргі уақытта телефон тұтқасын көтемейді, - дейді Сырым Сапариянов.
Сырым атаған азаматқа біз де қоңырау соғып, жауап ала алмадық.
Осы тұста мән берерлік тағы бір жайт бар. Былайғы жұрт еңбекақысын ала алмаған азаматтарға еңбек инспекциясына шағым жасау жөнінде кеңес беріпті. Сырым «шағым жолдадық» деген соң біз Павлодар облыстық еңбек басқармасына хабарластық. Кеңсе маманы торайғырлық азаматтардың шағым хаты электронды поштаға түскендіктен, ары қарай қарастырылмайтынын айтты.
Маманның айтуынша, еңбек шағымдары қағаз нұсқада «Қазпошта» арқылы немесе Электронды үкімет порталымен немесе Павлодар қаласы Астана, 153 мекенжайындағы еңбек басқармасының өтініштер жәшігіне салынуы тиіс екен. Өкінішке қарай, баянауылдық жауапты мамандар азаматтарға хат жазу тәсілін де түсіндірмегенге ұқсайды. Ал ауылында толыққанды интернет байланысы, үйінде компьютері жоқ және бар болса да оның тілін жетік білмейтін қарапайым еңбек адамдары еңбек басқармасына шағымды қалай жазатынын қайдан білсін.
... Мемлекеттік бағдарлама игілігін көріп жатқан мердігердің айдың-күннің аманында жұмыскерлер жалақысын не себепті сөзбұйдаға салып отырғаны түсініксіз. Баянауыл ауданы және Торайғыр ауылы әкімдері мен «Жол картасын» о жағынан бір, бұ жағынан бір бақылап жүрген халық қалаулылары бұған не дер екен?! Толыққанды жауап күтеміз.
Жанаргүл Қадырова,
Павлодар облысы