Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында ел әскерінің бірыңғай спорт күні басталды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Қарулы Күштерде «Қазақстан - спорттық ұлт» ұранымен бірыңғай спорт күні өтті.

Десанттық шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров басшылығымен бөлімшелер құрамындағы 200 әскери қызметші «Медеу» спорт кешенінен «Горельники» базасына дейін бес шақырым жолды жүріп өтті. Мәреде жарысқа қатысушылар Абай шыңына шығу үшін эстафетаны әскери альпинистерге тапсырды. Десанттық-шабуылдау әскерлеріне қарайтын альпілік бөлімшелердің әскери қызметшілері шыңды бағындырды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шыңға мемлекеттік ту, сондай-ақ Қарулы Күштердің туы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығының символы орнатылды.

«Әскери қызметшілердің дене дайындығы – әскеріміздің жауынгерлік әзірлігінің кепілі. Бұқаралық спорт әскери қызметшілердің жауынгерлік міндеттерді орындауы үшін қажетті күш пен төзімділікті, моральдық-психологиялық беріктікті қалыптастырудың маңызды құралы болып табылады», - деп бірыңғай спорт күнінің ашылу салтанатында Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов атап өтті.

Бұдан басқа, әскери қызметшілер ХХ ғасырдың 40-жылдары Алматы маңында дайындалған тау атқыштарының құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Алматыдағы бұл шара Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық гарнизондарындағы басқа бұқаралық спорт іс-шараларға бастау берді.