Халықтың сынына ұшыраған әкім қызметінен босатылды
2021 ж. 26 ақпан
7088
0
Жамбыл облысындағы Бектөбе ауылының тұрғындары тарапынан жұмысы сынға алынғаннан кейін Қаратөбе ауылдық округінің әкімі қызметінен босатылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықпен есеп беру кездесуінде айтты. Аймақ басшысы ел Президентінің тапсырмасына сәйкес халықпен тиімді кері байланыс орнату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға баса тоқталды.
Мәселен, ағымдағы жылдың 18 қаңтарынан бастап облыстағы барлық деңгейдегі әкімдердің 378 есеп беру кездесуі өткен десек, оларда жалпы 29,6 мың тұрғын қамтылған. Облыс әкімі ауылдық округтер мен аудан әкімдерінің 14 есебіне қатысты. Есеп беру кездесулерінде өзекті мәселелер талқыланып, тұрғындар әкімдердің жұмысын объективті түрде бағалауға мүмкіндік алды.
– ТҰРҒЫНДАРДЫҢ БІЗДІҢ ЖҰМЫСЫМЫЗҒА БЕРЕТІН БАҒАСЫ АСА МАҢЫЗДЫ. АЛҒА ҚОЙЫЛҒАН МІНДЕТТЕРДІ ОРЫНДАЙ АЛМАҒАН ӘКІМДЕР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ. МӘСЕЛЕН, БЕКТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІНДЕ ҚАРАТӨБЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ЖҰМЫСЫН СЫНҒА АЛҒАН БОЛАТЫН. НӘТИЖЕСІНДЕ ОЛ ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛДЫ, – ДЕДІ Б.САПАРБАЕВ.
Айта кету керек, Бердібек Сапарбаев бір жыл ішінде облыс бойынша жүзден астам жұмыс сапарына шыққан десек, барлығы 240 елді мекенді аралап, 657 нысанның қызметімен танысты. Аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың ұсыныстары мен өтініштеріне құлақ асып, жауапты тұлғалар тиісті тапсырмалар жүктеді.