Бес миллион қандасымыздың елге оралу көші тоқтап тұр!..

1
1197

Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевқа!

Үкімет басшысы С. Ахметовке!

Әлемнің 40-қа тарта елінде, 5 млн-нан астам қандасымыз тұрады. Олардың 1 миллионы ата жұртына оралды деп бөркімізді аспанға атып мақтанғанымызбен, 20 жылда тек олардың өсімі ғана оралды, демек 5 млн. қандасымыз орнынан қозғалған жоқ деген сөз.

«Бос жер жау шақырады» деген атадан қалған асыл сөз бар. Ұлан – байтақ жеріміз әлем картасында 9-орында, ал халқымыз 16 – ақ миллионнан асады. Осы киелі жерімізді қорғайтын, әрі ата жұрты –  қазақ елінің дамуына қасықтай қаны, шыбындай жаны қалғанша, өз үлестерін аямауға ант етіп отырған, жат жұрттағы қандастарымызды көптеп тартуымыз керек.

Көрші қытайда 1,5 млн-нан астам қандасымыз тұрады, ол елдегі қазақ мектептері қытай тілді мектептерге қосылып жіберілген, келесі 10 жылда, ол елден ана тілін толық білмейтін, дүбара қазақтарды көптеп кездестіріуіміз мұмкін .

Қазіргі кезде көш тоқтады, оныңда әртүрлі себептері бар. Қытай жағын алып қарасақ:

  1. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына әртүрлі тұрмыстық жәрдемақылар тағайындауды іске асыруда.
  2. Орта мектеп бітірген аз санды ұлт оқушыларын қытайлар тығыз қоныстанған ішкі өлкелерге жіберіп, оларды тегін оқыту түзімін атқаруда.
  3. Қытайдың Шыңжаң өлкесінің орталығы  Үрімжі қаласындағы Қазақстанның визалық тәртіп бөлімінің бастан-аяқ қандастарымызға визаны кезекпен беріп, әуре-сарсаңға салуының ұзақ жылдарға жалғасуы. Және қазақстан тарапының ондағы елшіліктерінің қандастармен тығыз байланыс орната алмауы.

Жоғарыдағы мәселелер ағайындарымыздың ата жұртына оралуына идеялық жақтан суыну жәйттерін ала келді.

Әне, сондай бола тұрса да, тарихи отаны – Қазақстанға келгісі келетіндердің саны аз емес. Оларда арман бар да – дәрмен жоқ. Қазақстан жағы көші-қон жұмысында қағазбастылықпен түрлі кедергілерден арыла алмай отыр, сондықтан да ел Президенті мен Үкіметінен өтінеріміз:

  1. ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қытайдың Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыста бола отырып, ондағы қандастырдың жұмысына оң ықпал жасауы керек. Әсіресе, Қытайдың Үрімжі қаласындағы, Қазақстанның визалық тәртіп бөлімі қазақтарға кезексіз виза ашуды және көші-қонына бағыт-бағдар сілтеуді жолға қойса.
  2. Қытай жағы сөз жүзінде: «Біз Қазақстанға көшеміз деушілердің жолындағы барлық кедергілерді алып тастағанбыз» дегенімен, шын мәнінде оқу жасындағы балаларға төлқұжат бермейді. Ендеше, әке-шешесімен баланың бөлініп қалуы сынды халықаралық құқық нормаларының бұзылуын қадағалау негізінде, 6-16 жасқа дейінгі оқу жасындағы балаларды, ата-анасының төлқұжатына бірге тіркеуді қалпына келтірсе (бұл тек Іле аймағында ғана атқарылып отыр).
  3. Қытайдың «қос тілді оқыту» дейтін бағдарламасына сәйкес,ондағы қазақ мектептері жаппай жабыла бастады. ҚР білім минстрлігі,Қытайдағы құзырлы органдармен санаса отырып, олардың қазақтығын сақтаудың әр түрлі жолдарын қарастыру қажет. Ең құрығанда, Қытайдағы қандастарымыздың балалары мектептерде қоғамдық пәндерді қазақ тілінде оқыса, ал жаратылыстық пәндерді қытай тілінде оқытса да бола береді.
  4. Шетелдегі қандастарымыз шекарадан өтерде, алып өтетін әртүрлі ауылшаруашылық құрал-жабдықтарына, моторлы көліктеріне, техникаларына Қазақстан жағы кеден салығын еселеп алуын тоқтатса.
  5. Қытайдың Шыңжаң өлкесі Үрімжі қаласынан «Қазақстан мәдениет орталығы» құрылса(Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы беріп отырған мәлімет шынайы емес).
  6. Қазақстанға оралған қандастарымызға, тіркеуден бастап азаматтық алу және тағы басқа жақтардағы қағазбастылық жеңілдетсе. Израйль, Германия, Ресей мемлекеттеріде шетелдегі өз қандастарын көптеп шақыруда. Біздін қазақ үкіметі – неге қандастарын шақыру, азаматтық беру, көмектесу, бейімдеу жағында осы елдерден арттамыз? Олардың озық тәжірибелерін неге үлгі етіп алмасқа!
  7. Қандастарымыздың көпшілігі егінші-малшы болғандықтан, олардың үй салуына әрі егістік пен жайылым, жер телімдерін алуына тиімділіктер жасалып, тегін жер телімдері кезексіз берілсе.Қазіргі кезде ауыл аудан әкімдеріне барсаңыз, жер 49 жылға жалға беріліп кеткен деп маңайына жолатқысы келмейді. Немесе ұзақ мерзімді тіркеуге алып 5-10 жыл күттіреді.
  8. Шетелден келетін қазақ студенттеріне квота 2 пайыз (1400 оқушы) ғана, оны неге 5 пайызға көтермеске? Әрі олардың универстеттерде жүріп, азаматтық алуы қамтамасыз етілсе. Сөйтіп университетті бітіре сала жұмысқа орналасып кетуіне жол ашылса.
  9. Бұрынғы ішкі істер министірлігіне қарасты көші-қон комитеті оралмандарға азаматтық және квота беру жұмысымен айналысқан. Осы комитет азаматтыққа документ жинаған  оралмандардан: тұрғылықты елінің азаматтығынан шығып кел және сотталмады деген қағаз әкел деген сияқты қандастарымыздың түрған елінін заңына қайшы келетін, қисынсыз қағаздар талап етіп, оралмандардың азаматтық алуына кедергі жасап келді. Ендігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы келеңсіз жағдайларды болғызбайды деп білеміз. Тағы да өтінеріміз – үкімет жанынан арнайы көші-қон агенттігі құрылып, оралманға қатысты барлық жұмыстар осы агенттікке жүктелсе.
  10. Елбасының оралмандарды солтүстік аймақтарға орналастыру ойына келісеміз, бірақ бұл жағдай «Нұрлы көш бағдарламасы»-ндай былыққа  апармаса болғаны. Оралман қоныстанатын елді мекеннін мектеп, аурухана, жол, тоқ, ауыз су, пошта т.б қамтылуы, егістік, шабындық-жайылым  жерлері берілуі, әрі өсімсіз қарыз, жұмыспен қамтылу жақтары  мемлекеттік бағдарламалар негізінде қарастырылуы керек деп білеміз.
  11. Елге оралған қандастарымыздың ішінде, жоғары білімді түрлі кәсіп иелері бар. Осы мамандарды жұмыспен қамту жолдары қарастырылса.
  12. Ел президенті жылына бір рет, шетел қазағы уәкілдерін қабылдап олардың мұң-мұқтажын, талап–тілек, ұсыныстарын шешіп отырса.
  13. Қазақта «Шымшық сойса да қасапшысы сойсын» деген аталы сөз бар, Көші-қон комитеті немесе Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірінші немесе екінші орынбасары сөзсіз елге оралған оралман өкілінен шыққан – жас, тәжірбиелі, батыл, зиялы азаматтардан болуы керек. Сонда ғана Көші-қон немесе «қауымдастық» жұмысына жан бітіп, шетелдегі қандастарымызбен байланысымыз тереңдейді. Әрі ата- жұртына, арып- шаршап оралған ағайынның талап-тілектерінің іске асуына мүмкіндік туып, құзырлы органдардың есігін тоздыратын ескі әдетті болғызбауға болады.

Жоғарыдағы аталған мәселелердің маңызы зор болғандықтан, сіздердің осы хатпен танысып, аталмыш жайға араласуыңызды, сөйтіп, жат жұрттағы – жаһандану заманында, ассимиляцияға ұшырау алдында тұрған 5 млн. Қандасымыздың ұлт ретінде сақталып қалуына, әрі ата жұртына алаңсыз оралуына көмектесулеріңізді өтінеміз.

 Қайрат БАЙТОЛЛАҰЛЫ,

Республикалық «Отандас-ел»

қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы 

12.03.2013ж.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз