Беларусь Ұлттық кітапханасында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды

  2021 жылғы 19 ақпанда ҚР Ұлттық академиялық кітапхана Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігімен бірлесіп Беларусь Ұлттық кітапханасында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашты. 2016 жылдан бастап Нұр-сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерімен бірлесіп, әлемнің ұлттық және басқа да кітапханаларында қазақ әдебиеті пен мәдениеті орталықтарын ашу жөніндегі халықаралық жобаны сәтті жүзеге асыруда. Бүгінде әлемнің 38 елінде, атап айтсақ,  Кореяда, Қырғыз Республикасында, Финляндияда, Венгрияда, Ресей Федерациясында, Арменияда, Малайзияда, Түркияда, Қытай Халық Республикасында, Грузияда, Францияда, Жапонияда, Швецияда, Македонияда, Болгарияда, Чех Республикасында, Италияда, Нью-Йорк көпшілік кітапханасында, АҚШ Конгресінің кітапханасында, Бразилияда, Аргентинада, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Египет Араб Республикасында, Италия Республикасында және басқаларында орталықтар ашылып, сәтті жұмыс істеп келеді. Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне кітапхананың бас залында Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейсенбаев Асқар Асанұлы, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мұңалбаева Үмітхан Дәуренбекқызы, Солтүстік Қазақстан облысы облыстық кітапханаларының директорлары Бейбіткүл Әбілмәжінова мен Батыс Қазақстан облысы кітапханаларының директорлары Шолпан Оразаева, жас ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекзат Смағұлов және Қазақстан делегациясының басқа да мүшелерінің қатысуымен өтті. Беларусь тарапынан Беларусь Ұлттық кітапханасының Бас директоры, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Роман Степанович Мотульский, Минск қаласының орталықтандырылған кітапханаларының басшылары, Беларусьтің шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу барысында Қазақстан мен Беларусь ұлттық кітапханалары арасында өзара мәдени және кітапханалық ынтымақтастық, Халықаралық кітап алмасу, тәжірибе және мамандар алмасу, цифрлық, электрондық өзара іс-қимыл мәселелері мүмкіндігін беретін меморандумға қол қойылды. Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейсенбаев Асқар Асанұлы: «Мен Минскінің төріндегі керемет ғимаратта осындай екі елдің іс-шарасына қатысып отырғаныма мақтанамын. Бұл ғимарат жай ғана кітапхана емес, бұл архитектураның ғажайып туындысы. Беларусь Республикасының Ұлттық кітапханасымен біз жақсы қарым-қатынастамыз. Әр түрлі мейрамдар мен айтулы күндерді бірге атап өту тамаша дәстүрге айналды. Өткен жылы біз әл Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығына түрлі іс-шараларды бірігіп өткіздік. Бұл үшін Беларусь Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Роман Степановичке алғыс айтқым келеді. Биылғы жыл біз үшін ерекше. Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Беларусь Республикасы Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашып жатыр. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтары сөзсіз»- деді. «Бүгін – тарихи күн. Екі Ұлттық кітапхана ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған күн. Үлкен кітап көрмесі аясында бүгін біздің елімізге әкелген кітаптарымызды қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығына сыйға тартуымызға сәті түсті. Кешегі көрменің салтанатты ашылу рәсімінде сұхбат бергенімде, мен белорусь халқын оқитын ұлт деп айтқан болатынмын. Бұны кешегі кітап жәрмеңкесіне қатысушылардың санына қарап-ақ айтуға болады. Біз Белорусь Ұлттық кітапханасына 300-ден астам кітап әкелдік» деді ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мұңалбаева Үмітхан Дәуренбекқызы.