Қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті

Қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қайғылы хабарды Qazaqstan ұлттық телеарнасының баспасөз қызметі таратты. «Бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында Қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті. Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер»,«Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды» делінген хабарламада. Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы 1 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген. "Қазақ үні" редакциясының ұжымы марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Иманы саламат, топырағы торқа болсын.