«Ақ жол» оффтейк-келісімшарттар механизмін іс жүзінде жүзеге асыру мәселелерін шешуді талап етті
2021 ж. 10 ақпан
1083
0
«Ақ жол» үкіметтен оффтейк-келісімшарттар механизмін іс жүзінде жүзеге асыру мәселелерін шешуді талап етті. Аталмыш мәселе бойынша депутаттық сауалды Азат Перуашов жариялады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
А.Ұ. Маминге
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасына
Қазақстанның Тұңғыш Президенті мен қазіргі Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына отандық тауар өндірушілерді дамыту және қолдау міндетін тұрақты түрде қойып келеді.
Мұндай қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі - кәсіпорынның барлық өнімдерін ұзақ мерзімді сатып алуға кепілдік беретін оффтейк-келісімшарттар.
Оффтейк-келісімшарттың болуы бизнеске кәсіпорындардың негізгі құралдарына капиталды сенімді тартуға және инвестициялауға, өндірісті жаңғыртуды жүргізуге және инвестициялардың өтелімділігін жоспарлауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда «Самұрық-Қазына» қоры оффтейк-стратегияның корпоративтік саясат деңгейіндегі алғашқы және өкінішке орай әзірге жалғыз жүйелік жолсерігі болып табылады. Қор бұл құралды Қазақстанда бұрын өндірілмеген тауарлар өндірісін ынталандыра отырып, отандық өнімнің түр-түрін кеңейту үшін де пайдаланады.
Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ машина жасау, мұнай-химия және телекоммуникация салаларында 37 оффтейк-келісімшартты мақұлдады. Осы жобалар бойынша жоспарланған инвестициялар көлемі 218 миллиард теңгеден асады, 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Ең табысты мысалдардың бірі ретінде 6 млрд. теңге сомасына бұрын басқа елдерден импортталған жоғары вольтты трансформаторларды өндіру бойынша «Asia Trafo» ЖШС-мен жасалған оффтейк-шарттарды келтіруге болады. Аталған шарттың арқасында зауыт өндірісті кеңейтіп, ұлттық компаниялар нарығын осы өніммен қамтамасыз ете алды.
Осы аптада 70 млрд. теңгеден астам сомаға тағы бірнеше оффтейк-келісімшарттар жасасу жоспарлануда.
Алайда мұндай жобаларды іске асыру барысында бизнес-қауымдастық
бірқатар кедергілерге тап болды.
Мәселен, өткен жылы өткен «Samruk Business Forum» шарасында Үкімет оффтейк-келісімшарттардың үлгілік нысаны Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығымен келісілгенін және бұл келісімшарттарды Екінші деңгейдегі банктер осы жобаларды іске асыру үшін кредит беру кезінде кепіл қамтамасыз ету ретінде қабылдайтынын мәлімдеді.
Бірақ іс жүзінде отандық өнеркәсіпшілер банктерде банктік реттеудегі тиісті нормалардың жоқтығына сілтеме жасам, оффтейк-келісімшарттарды қаржыландырудан бас тартады. Нәтижесінде экономика үшін өзектілігі мен тиімділігі Ұлттық әл-ауқат қоры деңгейінде танылған маңызды жобаларды іске асыру бұзылу қаупіне ұшырауда.
Бұл жағдай Қазақстанның Даму Банкіне қатысты одан да нашар сипат алып отыр. Мемлекет «Самұрық-Қазына» қорының да, Даму Банкінің де 100% иесі болып табылады.
Қор тұлғасындағы мемлекет оффтейк-келісімшарт бойынша қаражаттың түсуінің кепілі болады, және тағы да ҚДБ Банкі тұлғасындағы мемлекет кредитті қамтамасыз ету үшін осы кепілдіктерді (өзінің кепілдіктері деп айтуға болады) қабылдаудан бас тартады.
Бұл ретте Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық тұрақтылығы Даму Банкінің параметрлері, олардың шекті мәндері және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын есептеу әдістемесі негізінде айқындалады. Ал бұл Қазақстан Даму Банкінің оффтейк-шарттарды қатаң кепіл ретінде қабылдауын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды дегенді білдіреді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап Жер қойнауы туралы кодексте отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі нормалардың тоқтатылғанын ескере отырып, оффтейк-келісімшарттар механизмін «Самұрық-Қазына» құрылымына ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар мен ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу жүйесіне де қолдану қажет деп санаймыз.
Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттық фракциясы оффтейк-келісімшарттар механизмін іс жүзінде жүзеге асырудың мынадай мәселелерін шешуді сұрайды:
1) оффтейк-келісімшарттарды осындай жобаларды орындауға байланысты кредиттер бойынша кепілмен қамтамасыз ету ретінде тану үшін банктік реттеуге қажетті толықтырулар енгізу;
2) Қазақстан Даму Банкінің қызметін реттеуге осыған ұқсас толықтырулар енгізу;
3) Мемлекеттік сатып алу және ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу жүйесіне оффтейк-
келісімшарттар жасасу практикасын, оның ішінде жетекші шетелдік инвесторлармен тікелей келіссөздер арқылы тарату.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары