Латынға көшуде қарсылық болмауы тиіс

  Елбасы жолдауында 2025 жылы латын әліпбиіне көшу мәселесі қозғалғалы бері осы үлкен бетбұрыстың төңірегінде дау-дамай көбейіп кетті. Қазақ қоғамының өзі қазір екіге жарылып, бір бөлігі латынды қолдаса, екіншісі оған өтуде асығыстық танытпау керектігін алға тартуда. Осы ретте «Болашақ» рес­публикалық қозғалысының бастамасымен «Латын әліпбиін ендірудің оңтайлы жолдары» атты тақырыпта ашық дөңгелек үстел өтті. Жиынға белгілі саясаттанушы Дос Көшім, «Желтоқсан көтерілісі» ҚБ тең төрағасы Кенесары Қаптағаев, жазушы Бейбіт Қойшыбаев, қоғам қайраткері Жұмабек Ашуұлы, жазушы, «Жалын» жур­налы бас редакторының орын­басары Құдияр Біләл, саясаттанушы Расул Жұмалы, композитор Қалдыбек Құрманәлі, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғалымдары мен оқытушылары және басқа да ел ағалары қатысты. Жиынды жүргізген Бола­шақ РҚ лидері, Даурен Баба­мұ­ратов: «Егер біз латын ғар­піне көшсек, аз уақытта қоғам­ның барлық саласында жаңадан тек АНА ТІЛІМІЗДЕ, мыңдаған кітаптар басып, жазып шығамыз. Кітап басу немесе оны жазу қазір осыдан 200 немесе 100 жыл бұрынғы секілді қиын емес. Салық саласында, заң қабылдауда, экономикалық қарым-қатынастарда біз қазақ тілін қолдануға мәжбүр боламыз. Әлемдік жаңа технологияларда қазақ тілі өзін-өзі емін-еркін сезінетін болады. Жаңа, Ресейге тәуелсіз, ақпараттық кеңістік құрамыз. Қазақстандағы телеарна, білім, ғылым, экономикалық қатынас, саясат өз дамуында ерекше серпіліс алады. ҰЛТ бұрынғы стеретоиптік көзқарастардан құтылады. Біз өз-өзімізді жаңа ақпараттық-ғылыми деңгейге көтерілуге итермелейміз», – деп латынға көшкенде ұтатын тұстарымызға тоқталып өтті. Жиынға қатысушылар арасында қызу пікірталас өрбіді. Бұл басқосуды екі тарапқа бөлініп алғаннан кейін емес, оған дейін өткізуіміз керек еді деген орынды пікірлер де айтылды. Латынға көшу мәселесінде саяси шешім қабылданғандықтан, әрі бұл әліпбидің тиімділігін ескере отырып тезірек көшуді қолға алуымыз керек екендігі айтылды қатысушылар тарапынан. Ал енді бірқатары туған тіліміз тұғырына қонбай жатып, латынға көшуге асықпауымыз керек деген уәж айтты. «Латынға қашан көшеміз, қалай көшеміз» деген мәселе қызу талқыланып жатқанда, ақыры әліпби ауыстырады екенбіз, ежелгі түрік руна жазуын қайта жандандырайық дегендер де табылды арамыздан. Жиын барысында қаты­сушылардың бірде-бірі латынға көшуге түбегейлі қарсылық білдірген жоқ. Елбасының бас­тамасына қолдау білдіріп, латынға көшуді жеделдетейік дегендер де, бұл маңызды қадам болғандықтан, асықпай шешейік деген тараптың да ойлап тұрғаны туған тіліміз – қазақ тілінің қамы екендігін ұқтық. Бәріміз де ортақ мүдде жо­лында шыр-пыр болып жатқандықтан, бұл жерде тек ғана түсіністік таныта білгендігіміз керек. «Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, алдағы уақытта бұл істе барша қазақ баласы бас біріктіре отырып, латын әліпбиін ендірудің оңтайлы жолдарын қарастырғанымыз жөн шығар. Гүлмира САДЫҚ