«Ақ жол» елдік мәселелерге атсалысуға дайын

Биыл елімізде маңызды саяси оқиға – Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өткені белгілі. Қоғам белсенділері сайлау демократияны нығайтып, еліміздің дамуына жаңа серпін береді деген пікірде. Сайлауға 10 халықаралық ұйым мен 31 елден келген 398 халықаралық байқаушы қатысты. Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі – алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Сонымен қатар депутаттар алғаш рет партиялық тізім бойынша жасақталды. Аталмыш сайлауға қатысқан елімізде тіркелген 5 партияның бірі – Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, «Ақ жол» демократиялық партиясына 792 828 қазақстандық дауыс беріпті. Соның нәтижесінде сайлауда 10,95 пайыз дауыс жинаған ақжолдықтар 12 депутаттық мандат алып, Мәжілістегі 107 депутаттың қатарын толықтырды. «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары 2007 жылдан бастап, тәуелсіз Қазақстанның парламенттік мінберінен Алаш ұстанымдарын мемлекеттік деңгейде көтеріп келе жатыр. «Ақ жол» демократиялық партиясы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді қолдайды. Қазақ тілін экономика мен қаржы саласына, мемлекеттік басқару мен шетелдік инвесторлардың жұмысына мемлекеттік мәртебесіне сай енгізуіміз керек деп санайды. «Алаш» ұлттық идеясының ең өзекті мәселесінің бірі – жер. Биыл жерді сатуға жарияланған мораторий мерзімі аяқталады. Соған байланысты қазіргі таңда «Ақ жол» фракциясы Жер кодексіне өз ұсыныстарын жариялады. Үкіметтің жанындағы жер жөніндегі комиссияға сепаратистік пиғылдарды болдырмау мақсатында шетелдіктерге жерді сатуды ғана емес, біздің елмен шектесіп жатқан мемлекеттердің азаматтары мен компанияларына жерді жалға беруге де тыйым салуды ұсынды. Осылайша «Ақ жол» партиясы заңнамаға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, елді алаңдатқан жер дауының шешілуіне нүкте қойылу керек деп санайды. Қазіргі таңда «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясына тағдырдың тәлкегімен тергеуге түскен азаматтардың мүдделері үшін әрекет ететін адвокаттардан шағымдар келіп түсуде. Шағымдардың дені бұлтартпау шарасын таңдау кезінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларын екіұшты қолдануға байланысты. «Ақ жол» фракциясы әйелдерді сотқа дейінгі қамауға алудан қорғауды талап етіп отыр. Мәселен, айыпталушы Алданыш Нұрайым 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап қамауда ұсталып келеді. Оның кәмелетке толмаған екі баланың анасы, жесір әйел екендігі ретінде адвокаттың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініші қанағаттандырусыз қалды. Және бір мысал, 2020 жылдың 24 қазанынан бастап тергеу изоляторында отырған Айсұлу Мұқажанованың адвокаты оның ісінің қылмыстық іспен ешқандай байланысы жоқ екеніне сенімді. Өйткені, қазіргі уақытта оған тиесілі даулы пәтерді сату бойынша азаматтық іс қаралуда. «Біз тәртіп бұзушыларды қорғамаймыз, бірақ, Конституцияның 14-бабына сәйкес қолданыстағы заңнама нормаларының нақты сақталуын, барлығына әділ және тең қарым-қатынаста болуын, қандай да бір кемсітушіліксіз қолданылуын талап етеміз» дейді аталмыш фракция депутаттары. Сонымен қатар, ақжолдықтар банктер мен салық қызметкерлеріне бизнесті банкроттыққа дейін жеткізуге тыйым салу керектігін айтады. Әлемді жайлаған пандемия кезінде мемлекет шағын бизнеске салықтық қолдау көрсетуге мүмкіндік тапқанымен, бұл қолдау орта бизнеске көрсетілген жоқ. Бүкіл әлемде шағын бизнес орта бизнеспен бірге экономиканың бірыңғай секторы ретінде қарастырылады. Елімізде орта бизнесте шамамен 360 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Шағын бизнесті қолдау шараларымен қатар, бүгінде кәсіпкерліктің қалған түрлеріне, соның ішінде орта бизнеске салықтық қысым күшейтілуде. «Кәсіпкерлер апта сайын дерлік «Ақ жол» демократиялық партиясына жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға салық органдарының ауыр соманы қоса есептеуі туралы өтініштерімен жүгінеді. Қосымша төлемдер көбінесе осы компаниялардың жылдық айналымынан бірнеше есе асып түседі. Бұл сөзсіз олардың күйреуі мен банкрот болуына әкеліп соғады» деп алаңдаушылық білдіреді ақжолдықтар. Бір қуанарлығы, 26 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. «Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталады. Осыған орай, Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет. Ұсыныстар байыппен талқыланып, түбегейлі шешім қабылдануға тиіс. Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын» деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында. 2019 жылдың 2 наурызында Түркістан қаласында «Aқ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Түркістан облысының аудандарынан 300 делегат қатысқан конференцияны «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ашты. Конференцияда 2018 жылдың 13 желтоқсанында Астана қаласында өткен партияның ХlV съезінің Түркістан облыстық партия филиалын құру туралы шешімін орындау және Түркістан облыстық филиалының төрағасын және кеңес мүшелерін сайлау тұрғысындағы екі мәселе қаралды. Қазіргі таңда «Ақ жол» демократиялық партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы – Абзал Салықбаев (суретте). Ол бізге биылғы сайлаудан кейінгі өзгерістер жөнінде баяндап берді. Облыстық, аудандық мәслихаттарға жалпы 23 депутат сайланған. Олардың арасында төрт әйел адам бар. Келес аудандық және Түлкібас аудандық мәслихаттарында 24 жастағы екі жас жігіт депутаттық мандат иеленген. – Сайлауалды бағдарламамыз 6 бағытты қамтиды. Олар: тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы, демократия және парламентаризм, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оффшордағы қаражаттарды қайтару, әлеуметтік әділеттілік – Қазақстанда кедейлер болмауы керек, нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау, салиқалы сыртқы саясат. Осы бағыттар бойынша бес жылдық жоспар дайындалып жатыр. Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Халықтың жағдайымен танысып, күрмеуі шешілмеген мәселелердің оң шешімін табуына атсалысамыз. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде де бірқатар проблемалармен таныс болдық, оларды да жұмыс жоспарымызға енгізіп отырмыз. Көбіне, ауылдық жерлерде ауызсу мәселесі әлі күнге дейін қолжетімсіз екен. Осы сынды мыңдаған проблема бар. Біз барынша халықтың дұрыс өмір сүруіне, таза ауыз су ішуіне, кедейлікте күн кешпеуіне бар күш-жігерімізді саламыз. Бөлінген бюджеттің дұрыс бағытқа жұмсалғанын қадағалаймыз, – деді бізбен әңгімесінде Абзал Салықов. Барлық депутаттар өз аудандары мен қалаларындағы өзекті мәселелермен жақсы таныс көрінеді. Алдағы уақытта кезек күттірмей шешімін табуы тиіс проблемаларды алғашқы орынға қойып отыр. «Партияның алға қойған мақсаттарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күресу, кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Енді ғана кәсібін бастаған азаматтардың жергілікті билік тарапынан қысым көрмеуіне, салықтан босатылуына өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Өйткені, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылса, елімізде кедей адам болмайды. Екі қолға бір күрек табылса, ол отбасында нан да, ән де болады. Алға ұмтылуға әрекет жасайды. Түркістан облысының көркеюіне, гүлденуіне жұмыла атсалысуға дайынбыз» дейді «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы. Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».