Қазақстанда 13 ГЭС нысанын іске қосу жоспарланды
2021 ж. 02 ақпан
1129
0
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ағымдағы жылғы 26 қаңтарда Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында отын-энергетика кешеніне қатысты берген тапсырмаларын орындау бойынша ұсынылатын шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.
Оңтүстік және батыс аймақтарды күшейту жобалары
Еліміздің оңтүстік өңіріндегі электр желілерін күшейтуге қатысты ұсыныстарды қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Желілерді күшейтудің негізделген тәсілін әзірлеу үшін "Самұрық-Қазына ҰӘҚ" АҚ-мен бірлесіп тәуелсіз ғылыми институт тартылатын болады.
Батыс өңірдің электр желілерін күшейту шеңберінде 2021 жылы Теңіз – Құлсары – Атырау – Индер – Оң жағалау – Орал бағыты бойынша 220 кВ электр желілерін күшейту жұмыстары басталады.
Аталған жобалар мен жаңа қуаттарды оңтайлы орналастыру үшін ұзақ мерзімді жоспарлауды қамтамасыз ететін 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім әзірленеді. Теңгерімді әзірлеу кезінде батыс өңірінің электр желілерін Біртұтас электр энергетикасы жүйесімен біріктірудің ұтымды нұсқасы айқындалатын болады (2021 ж. желтоқсан).
Газ генерациясы мен гидроэнергетиканы дамыту
Маневрлік қуат тапшылығын ескере отырып, министрлік еліміздің оңтүстік өңірінде генерацияның маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғыларды салу жөніндегі 4 әлеуетті жобаны пысықтады. Жалпы, оңтүстік өңірде 2025 жылға дейін шамамен 1300 МВт газ генерациясын іске қосу жоспарлануда.
2025 жылдың соңына дейін белгіленген жиынтық қуаты 177,67 МВт-қа жуық 13 ГЭС нысанын іске қосуды жоспарлап отырмыз .
Сонымен қатар, ағымдағы жылы маневрлік ГЭС-ты қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздері бойынша жиынтық қуатқа аукциондық сауда-саттық өткізу белгіленген.
Жалпы алғанда, 2025 жылы ЖЭК электр энергиясын жалпы өндіру үлесін 6%-ға жеткізу күтілуде.
Газ нарығын реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың газ нарығын реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу, ресурстық базаны ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау бойынша тапсырмасын іске асыру мақсатында министрлік халықаралық сарапшыларды тарта отырып Газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасын әзірлеуде, ол келесі бағыттардан тұрады:
Газдың ресурстық базасын кеңейту;
Тұтынушыларды үздіксіз және қауіпсіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ету;
Газ тасымалдау жүйесі нысандарын жаңғырту және салу;
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ның жеке еншілес ұйымы ретінде Ұлттық операторды бөлу арқылы мемлекет басқаруындағы газ саласының басымдығын арттыру мақсатында газ саласын басқару реформасын жүзеге асыру.
Мұнайгаз-химия өндірісі бойынша
Мемлекет басшысы іске асырылып жатқан мұнайгаз-химия өндірістерін жеделдету жөніндегі шараларды қабылдау, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау міндетін қойды.
Бұл мәселелерді шешу жолдары:
2025 жылға дейін мұнайгаз-химияны дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленбек, бұл жоба проблемалық мәселелерді шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға мүмкіндік береді, атап айтқанда:
Мұнайгаз-химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету;
Мұнайгаз-химия кластерін құру;
Одан әрі қайта бөлуді дамыту.
Шетел инвесторлары кеңесінің тапсырмасы шеңберінде жобаны іске асыру кезінде оның қажеттіліктерін ескере отырып, Үкімет пен инвестор арасында қол қойылатын жеке келісімге мұнайгаз химиясымен қатар көмірсутегі шикізаты жобалары да кіреді.
Аталмыш мәселе қазіргі таңда пысықталуда.
Бұл шаралар 2025 жылға қарай 5 зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мынадай нәтижелерді күтуге болады:
Өндіріс көлемі 9 есеге артады; Ел экономикасына болжамды әсер қосымша +1,2%;
"Осылайша, базалық мұнайгаз-химия өнімдерін өндіру мұнай-газ саласындағы терең өңдеуді дамыту үшін берік негіз бола тұра, шикізат экономикасын әртараптандыру және технологиялық дамуға ұмтылу жөніндегі стратегиямызға сәйкес келеді", – деді энергетика министрі.
Газ өңдеу кешені бойынша Президенттің тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы Қашаған кен орнының шикізат базасында құны $860 млн, қуаты 1 млрд текше метр шикі газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарлануда.
Жобаны табысты іске асыру үшін мемлекет бірқатар мәселелерді пысықтады. Атап айтқанда, жоба шикізатпен, инфрақұрылыммен (су, газ, электр желісі) қамтамасыз етіліп, жобаны қаржыландыру мәселесі пысықталды.
"Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша берген тапсырмалары министрліктің қатаң бақылауында", – деп түйіндеді Н. Ноғаев.