«АрселорМиттал Теміртау» шахтасында апат болды

13 қаңтарда сағат 21:53-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Ленин атындағы» шахтасында апарт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖМ сілтеме жасап.

«Апат болған кезде үш жұмысшы, атап айтқанда, бұрғылау қондырғысының машинисі, машинистің көмекшісі, сондай-ақ желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің тау-кен шебері ұңғыма түбінде барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан. Төтенше оқиға салдарынан тау-кен шебері мен машинистің көмекшісі апат орнынан дереу кетіп қалды, ал машинист ұңғыма түбінен шыға алмады», – делінген хабарламада.

Апат кезінде шахтада үшінші ауысымның 137 қызметкері болған. Олардың 136-сы жер бетіне шығарылды.

«Кәсіпорынның авариялық-құтқару қызметі келгеннен кейін дереу шахтаға түсті. Сағат 23:00-де аэрогазды бақылау аппаратурасының көрсеткіштеріне сәйкес шахтаның тау-кен қазбаларындағы газ жағдайы қалыпқа келді. Авариялық-құтқару қызметінің бөлімшесі ұңғыма түбіндегі тау-кен массасын тазалауда. Зардап шеккен бір адамды іздестіру жұмыстары жалғастырылуда. Іздестіру жұмыстарына шахтаның 17 қызметкері мен авариялық-құтқару қызметінің екі бөлімшесі (16 адам) жұмылдырылды», – деді ТЖК.

Аталған апатты тексеру үшін ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанында комиссия құрылды.