ҚР ІІМ: ұсталғандардың бәрі босатылды
2021 ж. 11 қаңтар
1260
0
Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров Қазақстанда сайлау өткен 10 қаңтар күні ұсталған шерушілердің бәрі босатылғанын айтты, деп хабарлайды centralasian.org.
– Заңсыз шерулер мен митингілер ұйымдастыру мен оларға қатысуға шақыру әрекеті болды. Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура бұл азаматтарға акциялардың заңсыз екенін, оларды тоқтату керек екенін бірнеше рет ескертті, – деді Заппаров Орталық коммуникациялар қызметінде брифингте.
Министр орынбасарының сөзінше, ұсталғандар "билік өкілдерінің талаптарына бағынудан бас тартқан, сол себепті полиция оларды ұстауға мәжбүр болған".
– Профилактикалық әңгімелесуден кейін [полиция бөлімшесіне] жеткізілгендердің бәрі босатылды. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке ешкім тартылмады, – деді Заппаров.
Ішкі істер министрінің орынбасары ел бойынша қанша адамның ұсталғаны жөніндегі сұрақты жауапсыз қалдырды.
Арыстанғали Заппаров сондай-ақ түрлі сайлау учаскесінде байқаушылардың сыртқа шығарылғанын айтып, бұл жағдайларды "болмашы оқиғалар" деп атады.
– Комиссия төрағаларының актілеріне қарағанда, түрлі қалада санитарлық шектеулерді, сайлау учаскесінде болу ережелерін бұзғаны үшін және комиссия жұмысына кедергі келтіргені үшін он байқаушы мәжбүрлі түрде шығарылды, – деді ол.
10 қаңтар парламент мәжілісі және мәслихат сайлауы кезінде Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Орал және өзге де қалаларда қарсылық акциялары өтті. Полиция бейбіт жиынға қатысқан ондаған азаматты ұстап әкетті.
Сайлау қарсаңында тіркелмеген саяси топтар қазақстандықтарды саяси реформаны талап етіп, сайлауға бойкот жариялайтын қарсылық акцияларына шығуға шақырды.