Ұлттық кеңесте реформа мәселелері талқыланатын болады

0
182

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қаңтарда Парламентте сөз сөйлейтіні туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі жазды.
«Реформаларды дайындап жатырмыз. Реформалар жалғасын табуы керек. 15 қаңтарда мен мәжілістің жаңа құрамының алдында Парламентте сөз сөйлеймін. Содан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы болады. Ол жақта реформа мәселелерін талқылайтын боламыз», – деді Тоқаев.

Иә, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентте Мәжілісті жаңа құрамы алдында сөйлейтін сөзі алдағы бағыт-бағдарымызды айқындап беретіні анық. Сонымен қатар Ұлттық кеңестің жаңа жылдағы алғашқы отырысында реформалардың кеңінен талқылануына да ел елеңдеулі.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төрағасы – мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі. Төраға орынбасары Президент Әкімшілігі басшысы Ерлан Қошанов. Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Карин.

2019 жылы 6 қыркүйекте өткен Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында-ақ қоғамдағы көптен шешімін күткен күрделі қоғамдық-саяси мәселелер көтерілді. Жалпы Ұлттық кеңес мүшелері өткен жылы 13 министрмен кездесіп, есептерін тыңдап, көптеген құнды ұсыныстар берді. Ұлттық кеңестің ұсынысымен 9 заң қабылданды. Сонымен қатар 1 Президент Жарлығы, 3 Үкімет қаулысы, 1 ҚР Премьер-министрі өкімі, 11 министр бұйрығы шықты. 7 заң жобасы қаралуда жатыр.
Қабылданған заңдар ішінде саяси партиялар туралы, бейбіт митингілер өткізу, парламенттік оппозиция туралы заңдар бар.

Есімі елге белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин өткен жылдың жазында ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.
Ол Ұлттық Кеңес хатшысы ретінде ҰКСК ұсыныстарының іске асуы жолында көп күш салуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 6 қаңтарда «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «»Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады.»-деп Ұлттық Кеңестің қоғамдағы рөлін жоғары бағалады.

Иә, Ұлттық кеңестің алдында жаңа парламент құрамымен бірге саяси реформаларды жалғастыруда қарқынды жұмыс күтіп тұр!

Қазыбек Иса,

Қазақ үні

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз